Коучтар неге көбейіп кетті?

Oinet.kz 11-03-2026

Соңғы жылдары телефонды қолға алып, әлеуметтік желіні ашсаң болды, көз алдыңнан психологтердің кеңесі, коучтардың тренингі, түрлі «мотивациялық» марафондар тізбектеліп шыға келеді. Бірі «өз өміріңді өзгертудің бес қадамын» үйретеді, енді бірі «сәтті әйел болудың құпиясын» айтып, ақылы курсқа шақырады. Әлеуметтік желі лентасын парақтап отырсаң, адамның көңіл күйін түзейтін, қарым-қатынасты жақсартатын, табысқа жеткізетін тренингтердің жарнамасы толып тұр.

unnamed.jpg

Әрине, психология ғылымы қоғам үшін маңызды сала. Адамның жан дүниесін түсіну, күйзелістен шығу, қиын кезеңдерде қолдау көрсету – психологтердің негізгі міндеті. Бірақ бүгінгі ақпарат кеңістігінде кәсіби маман мен жай ғана «кеңес берушінің» арасы кейде ажыратылмай қалатындай. Әсіресе, әлеуметтік желілерде өзін психолог, коуч немесе ментор ретінде таныстыратын адамдардың саны күн сайын көбейіп барады. Кейде бұл құбылыс шын мәнінде қоғамның қажеттілігінен туындағандай көрінеді. Қазіргі өмірдің қарқыны жылдам, адамдардың уақыты тығыз, күйзеліс көбейген. Отбасындағы түсініспеушілік, жұмыс пен тұрмыстың қиындығы, қоғамдағы өзгерістер – мұның бәрі адамның психологиялық жағдайына әсер етпей қоймайды. Осындай сәтте адамдар кеңес іздейді, қолдау күтеді. Ал әлеуметтік желідегі тренерлер мен коучтар сол қажеттілікті дер кезінде пайдаланып отырғандай.

Бірақ мәселенің екінші жағы да бар. Бүгінде көптеген тренингтер мен коучинг бағдарламаларының бағасы да арзан емес. Кейбірі бірнеше күндік курс үшін қомақты қаржы сұрайды. «Өзіңді табу», «жеке шекара қою», «бақытты болудың формуласы» деген тақырыптармен өтетін мұндай тренингтерге, әсіресе, жастар мен әйелдер көп қатысады. Алайда, қанша жерден заманауи психологиялық әдіс-тәсілдер айтылса да, адамның ең алғашқы тәрбие мектебі – отбасы. Ана мен әженің ақылы, үлкендердің өнегесі, үйдегі тәрбиенің орны ештеңемен алмастырылмайды.

Қазақ қоғамында қыз тәрбиесіне әрдайым ерекше мән берілген. «Қызға қырық үйден тыйым» деген сөздің өзі қыз баланың тәрбиесіне тек ата-анасы ғана емес, бүкіл орта жауапты болғанын аңғартады. Әже мен ана қыздың бойына әдептілік, сабыр, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты қасиеттерді сіңіріп отырған. Бұл тәрбие арнайы тренингсіз-ақ ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген. Ал, бүгінгі күні жағдай біршама өзгерген. Қазіргі қыз-келіншектер ақпаратты көбіне әлеуметтік желіден алады. Қандай мәселе туындаса да, ең алдымен интернеттен жауап іздейді. Бір қарағанда, бұл – заман талабына сай құбылыс. Бірақ кейде өмірлік тәжірибеден гөрі, қысқа видеода айтылған кеңеске көбірек сенетін жағдайлар да кездеседі.

Кейбір тренингтер адамның өзіне сенімін арттырып, жаңа мүмкіндіктер ашуға көмектесетіні рас. Бірақ кей жағдайда олар тек уақытша мотивация ғана беріп, өмірде үлкен өзгеріс әкелмейтінін айтатындар да бар. Мамандардың пікірінше, адамның ішкі тұрақтылығы мен өмірге деген көзқарасы көбіне бала кезден қалыптасады. Яғни отбасындағы тәрбие, ата-ананың үлгісі, ұлттық құндылықтар – бәрі адамның мінезіне әсер етеді. Осы мәселеге қатысты пікір білдірген Шымкент қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Жандосованың айтуынша, қазіргі қоғамда психологиялық кеңеске деген сұраныстың артуы түсінікті құбылыс. Дегенмен ұлттық тәрбие мен отбасының рөлін ештеңе алмастыра алмайды. «Қазір әлеуметтік желілерде түрлі тренингтер мен кеңестер көп. Олардың ішінде пайдалысы да бар шығар. Бірақ адамның мінезі мен өмірге деген көзқарасы ең алдымен отбасында қалыптасады. Ана мен әженің тәрбиесі, үлкендердің өнегесі ғасырлар бойы қалыптасқан құндылық. Біз соны ұмытпауымыз керек», – дейді ол.

Баян Жандосованың пікірінше, қазіргі қыз-келіншектер өзін дамытуға ұмтылғаны дұрыс. Білім алу, жаңа нәрсе үйрену, психологияны түсіну бүгінгі заманның ең алғашқы талабы. Бірақ қандай да бір тренингке немесе коучтың сөзіне толық тәуелді болып қалу дұрыс емес. «Қыз бала ең алдымен өзінің ұлттық тәрбиесін, мәдениетін, отбасы құндылықтарын білуі керек. Өзін құрметтеген адам өзгеге де құрметпен қарайды. Ал мұндай қасиеттер көбіне отбасыдан басталады. Біз жастарға осыны жиі айтып жүрміз. Қазақ қыздарын «ұят болады» деген бір-ақ ауыз сөз тәрбиелеген. Ешқандай ментор да, коуч та адамның өз-өзін тәрбиелегендей тәрбиелей алмайды. Өз-өзіңе мотиватор, ақылшы болу керексің. Адам ең алдымен өз-өзімен сөйлесуді, сырласуды, өзін-өзі шыңдауды үйрену керек», – дейді Баян Жандосова.

Шын мәнінде, қоғамдағы психологиялық мәдениеттің дамуы жаман құбылыс емес. Керісінше, адамдардың өз эмоциясын түсініп, ішкі жан дүниесіне көңіл бөлуі оң үрдіс. Бірақ мәселе оның қалай ұсынылып жатқанында. Әлеуметтік желідегі қысқа роликтер мен жарнамалық тренингтер кейде күрделі өмірлік мәселелерді өте жеңіл түрде түсіндіреді. «Бақытты болу үшін өзіңді жақсы көр», «барлығы сенің ойыңда» деген сияқты ұрандар тартымды естілгенімен, адамның өміріндегі жағдайлар әлдеқайда күрделі болуы мүмкін. Сондықтан кез келген кеңесті қабылдар алдында адам сыни ойлай білуі керек. Психология ғылымы ұзақ білім мен тәжірибені талап ететін сала. Ал бірнеше мотивациялық кітап оқып, әлеуметтік желіде кеңес беріп жүргендердің бәрі бірдей кәсіби маман емес.

Қоғамда тағы бір байқалып жүрген нәрсе кейбір тренингтердің адамдардың әлсіз тұсын пайдаланып кетуі. Мысалы, өзін жалғыз сезінетін немесе өмірінде қиын кезеңді бастан өткеріп жүрген адам кез келген үміт сыйлаған ұсынысқа сеніп қалуы мүмкін. Осындай жағдайда түрлі «жылдам нәтиже» уәде ететін бағдарламалар көбейіп кетеді. Бірақ өмірде барлық мәселенің дайын формуласы жоқ. Әр адамның тағдыры, жағдайы, өмір жолы әртүрлі. Сондықтан біреуге көмектескен әдіс екінші адамға әсер етпеуі мүмкін.

Сол себепті қоғамда психологиялық сауаттылықпен қатар, ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды да сақтау маңызды. Қазақ қоғамында үлкеннің ақылын тыңдау, ата-анамен кеңесу, әженің тәрбиесін алу – ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр. Бүгінгі технологиялық заманда бұл дәстүр кейде екінші орынға ығысып қалғандай көрінеді. Бірақ шын мәнінде адамның өміріндегі ең сенімді тірек – отбасы. Ана мен әженің айтқан бір ауыз сөзі кейде ең қымбат тренингтен де артық болуы мүмкін. Сондықтан қазіргі қоғам үшін ең тиімді жол осы екі бағыттың тепе-теңдігін табу. Бір жағынан, заманауи психологияның пайдалы тұстарын қабылдау, екінші жағынан ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды ұмытпау.

Ақпарат ғасырында адам сан түрлі кеңес пен пікірдің ортасында өмір сүріп жатыр. Бірақ сол кеңестердің ішінен өзіне пайдалысын таңдай білу әр адамның өз жауапкершілігінде болса керек. Ал өмірлік даналық көбіне ең қарапайым жерде – отбасыда, ата-ананың тәрбиесінде, үлкендердің тәжірибесінде жатыр. Кейде әлеуметтік желідегі ұзақ тренингтен гөрі, анаңның айтқан бір ауыз ақылы адамға көбірек бағыт беруі мүмкін. Сондықтан бүгінгі қоғамдағы психологтер мен коучтардың көбеюі бір жағынан заманның талабы болса, екінші жағынан адамдардың өз өміріне жауапкершілікпен қарау қажеттігін де көрсетеді. Ал сол жауапкершіліктің алғашқы сабағы бұрынғыдай әлі де отбасының шаңырағында басталса керек.

Бүгінгі қоғамда психологтер мен коучтардың көбейіп кетуі – кездейсоқ құбылыс емес. Бұл уақыттың, ақпараттық дәуірдің және адамдардың ішкі қолдау іздеуінің нәтижесі. Адамдар бұрынғыдай өз мәселесін іште сақтап қалмай, оны түсінуге, шешуге, жан дүниесін реттеуге ұмтыла бастады. Бұл белгілі бір деңгейде қоғамдағы психологиялық мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын да көрсетеді. Дегенмен, кез келген жаңа үрдіс сияқты бұл құбылыстың да екі қыры бар. Бір жағынан, шынайы кәсіби мамандар адамдарға бағыт-бағдар беріп, қиын кезеңдерден өтуге көмектесіп жатса, екінші жағынан әлеуметтік желі арқылы жылдам танымалдыққа ұмтылған, нақты білімі мен тәжірибесі жеткіліксіз кеңесшілердің де көбейіп кеткені жасырын емес.

Сондықтан бүгінгі ақпарат тасқынында адам тек тыңдаушы ғана емес, таңдай білетін тұлға болуы керек. Әлеуметтік желідегі әрбір кеңес пен әрбір жарнамаланған тренингтің артында қандай білім мен тәжірибе тұрғанын саралай білу маңызды. Өйткені адамның өмірі мен тағдыры қысқа мотивациялық сөздермен ғана шешілетін жеңіл дүние емес. Әр адамның басынан өтетін жағдай, өмір жолы, тағдыры  өзіне ғана тән.

Әженің ертегісі, ананың ақылы, әкенің өнегесі – адамның мінезін қалыптастыратын ең алғашқы мектеп. Бұл тәрбие ешқандай сертификаты жоқ, бірақ өмірдің өзінен өткен ең сенімді тәжірибе. Сондықтан бүгінгі жастар да, әсіресе қыз-келіншектер, қандай да бір сыртқы кеңесті қабылдар алдында өздерінің ішкі құндылықтарына, отбасынан алған тәрбиесіне сүйенуді ұмытпағаны жөн.

Шын мәнінде, адам үшін ең үлкен коуч – оның өмірлік тәжірибесі, ең сенімді психолог – оның өз ар-ұяты мен санасы. Өзін тыңдай білетін, өз-өзімен сырласа алатын, қателігін мойындап, одан сабақ ала білетін адамға сыртқы мотивация қажет бола бермейді. Әрине, білім алу, өзін дамыту, жаңа ойларға ашық болу – заман талабы. Бірақ сол дамудың негізі адамның өз ішкі тұрақтылығы мен рухани тірегіне байланысты екенін де ұмытпаған жөн.

Сондықтан бүгінгі қоғам үшін ең дұрыс жол – екі ұстанымның үйлесімін табу. Бір жағынан, заманауи психологияның пайдалы тұстарын қабылдап, жаңа білім мен тәжірибеге ашық болу. Екінші жағынан, ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды сақтап, үлкендердің ақылына құлақ асу. Өйткені адам өміріндегі ең маңызды сабақтар кейде қымбат тренинг залында емес, қарапайым шаңырақта, ата-ананың жанында, әженің батасы мен ананың мейірімінде беріледі.

Уақыт өзгергенімен, адам табиғаты мен оның рухани қажеттілігі өзгермейді. Адам әрдайым түсінуді, қолдауды, жылы сөзді қажет етеді. Бірақ сол қолдаудың ең шынайысы көбіне отбасының ортасында, туған шаңырақта табылады. Сондықтан қоғамда қанша жерден жаңа коучтар мен мотивациялық тренерлер көбейсе де, адамның өміріндегі ең үлкен тәрбие мектебі бұрынғыдай отбасы болып қала бермек.

Аида Өтеп

Жас журналистерге жаңа мүмкіндік
Наурыз концерттік деңгейден аса алмай қалған жоқ па?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу