Бекежан МЫРЗАЕВ: Университет базасында 10 ғылыми жоба іске асырылуда

Oinet.kz 17-06-2026

Screenshot_1.jpg

Бекежан МЫРЗАЕВ, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ректоры міндетін атқарушы

–  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ғылымның жүйелі дамуы үшін мемлекет пен бизнес, университеттер мен ғылыми орталықтар күш біріктіруі қажет» деп атап өткен болатын. Осы орайда университет тарапынан өңірдің білім, ғылым саласының дамуына ат салысып жүрген оқытушылар, профессорлар мен ғылымды серік етіп жүрген ізденімпаз студенттерге қандай қолдау көрсетіліп келеді? 

– Университетте жас ғалымдар мен студенттердің ғылыми ізденістеріне ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта жыл сайын ғылыми-теориялық конференциялар, «Жас ғалым» форумы, стартап-жобалар байқаулары, ғылыми семинарлар, мастер-кластар, Open Talk кездесулері мен форсайт-сессиялар ұйымдастырылады. Солардың бірі – «Development of Tourism in Kazakhstan» стартап-жобалар байқауы. Бұл жоба студенттердің инновациялық идеяларын қолдауға және туризм саласындағы жаңа бастамаларды дамытуға бағытталған.

Сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарында, конференциялар мен стартап жобаларда белсенділік танытқан дарынды студенттерге арнайы атаулы шәкіртақылар тағайындалады. Мұндай қолдау тетіктері жастардың ғылымға қызығушылығын арттырып, университет бәсекеге қабілетті академиялық ортаның қалыптасуына ықпал етеді.

– Қазіргі уақытта университет республикалық бюджеттен қаржыландырылатын 5 ғылыми-зерттеу жобасын жүзеге асырып жатқан көрінеді... 

–  Республикалық деңгейдегі гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобаларын жүзеге асыруда 2023 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін университет зерттеушілері 10 ғылыми жобаны жеңіп алған.

Жалпы алғанда, 2023–2027 жылдар аралығында университет базасында жалпы сомасы шамамен 1 млрд 415 млн теңгені құрайтын 10 ғылыми жоба іске асырылуда. Бұл – университеттің ғылыми әлеуетінің жоғары екенін және ғылыми жобалар конкурстарында бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді. Аталған жобалар туризм, цифрландыру, жасанды интеллект, мәдени мұра, археология, тілдік білім беру, діни туризм, урбанистика және әлеуметтік мәселелер сияқты маңызды бағыттарды қамтиды. Бұл жобалар университеттің тек білім беру ғана емес, сонымен бірге елдің ғылыми-инновациялық дамуына үлес қосатын зерттеу орталығы екенін көрсетеді.

– Бекежан Қожабекұлы, Халықаралық туризм және меймандостық университеті Қазақстандағы туризм және қонақжайлылық бағыттары бойынша мамандандырылған бейінді жалғыз әрі тұңғыш оқу орны. Тұңғыш болу мақтаныш әрі жауапкершілік екені түсінікті. Биыл университеттің  ашылғанына 6 жыл толып отыр. Еліміздегі жас білім ошағының мақтанышпен айтар  жетістіктері аз емес шығар?  

– Иә, биыл университетіміздің құрылғанына 6 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде біз туризм және қонақжайлылық саласына маман даярлайтын еліміздегі бірегей жоғары оқу орны ретінде бірқатар маңызды жетістіктерге қол жеткіздік. 2021 жылы университет Қазақстан бойынша алғашқылардың бірі болып БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының мүшелігіне қабылданды. Ал 2023 жылы Түркия Жоғары білім кеңесінің университетті ресми түрде тануы халықаралық деңгейдегі маңызды жетістік болды. Соның нәтижесінде түлектеріміздің дипломдары Түркия аумағында мойындалып, халықаралық академиялық мүмкіндіктерге жол ашылды. Бүгінде бірқатар білім беру бағдарламалары ағылшын тілінде оқытылады. Сонымен қатар Түркі мемлекеттері ұйымының Түркі университеттері одағына мүше болуымыз халықаралық ғылыми және академиялық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік берді.

Оқу орнымыздың «Bulletin of the International University of Tourism and Hospitality» халықаралық журналы 2025 жылғы 19 қыркүйектен бастап  Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынатын ғылыми басылымдар тізбесінің 2-тізіміне «Туризм» бағыты бойынша енгізілді. Университетте кадрлар даярлау 2 деңгей бойынша жүзеге асырылады: 6В111 – «Қызмет көрсету саласы» («В091 – Туризм», «В093 – Мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі», «В092 – Тынығу»); Жоғары оқу орнынан кейінгі білім 7М111 – «Қызмет көрсету саласы» («М147 – Туризм», «М149 – Мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі»). 

– Университеттің халықаралық ғылыми-іскерлік байланысына тоқталсақ. Қазіргі таңда қандай шетелдік оқу орындарымен, ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейсіздер? 

– Университет халықаралық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді. Бүгінде Түркия, БАӘ, АҚШ, Таиланд, Германия, Оңтүстік Корея, Латвия, Испания, Польша, Сербия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Индонезия және өзге де елдердің 30-дан астам жоғары оқу орнымен серіктестік орнатқанбыз. 2025 жылғы қазаннан бастап біз серіктестікті дамыту шеңберінде  АҚШ-тың Аризона университетімен (University of Arizona, UA) серіктестік негізінде халықаралық сертификатталған бағдарламаны жүзеге асырдық.

 Халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламалары студенттерге шетелдік университеттерде білім алып, кәсіби және тілдік дағдыларын жетілдіруге, туризм мен қонақжайлылық саласындағы әлемдік тәжірибемен танысуға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысушылар саны тұрақты түрде артып келеді. Мәселен, өткен жылы бағдарламаның географиясы кеңейіп, тоғыз студент Оңтүстік Корея, Латвия, Таиланд және Түркия университеттерінде білім алды. Ал 2026 жылдың көктемгі семестрінде сегіз студент шетелдік жоғары оқу орындарына жіберілді. Биыл Германия, Сербия, Таиланд және Түркияның жетекші университеттерімен академиялық алмасу бағдарламаларын одан әрі кеңейту жоспарланып отыр.

–  Түркістанның туризмін дамыту, туристерді тарту қазіргі таңда басты бағыттардың бірі саналады. Алайда, Орта Азия елдерінің Самарқан, Бұқара секілді туристік қалаларымен салыстырғанда Түркістанға келетін қонақтардың саны әлі де аз болып тұр. Осы тұрғыда университет киелі шаһарға туристерді тартуға, туризм саласын дамытуға қаншалықты  үлес қосып жатыр?

– Түркістанның Орталық Азиядағы ірі туристік орталыққа айналуы – уақыт пен жүйелі жұмысты қажет ететін үдеріс. Самарқан мен Бұқараның туристік бренд ретінде қалыптасуына ондаған жылдар жұмсалғанын ескерсек, Түркістан да осы бағытта қарқынды дамып келеді. Бұл ретте Халықаралық туризм және меймандостық университеті өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бірнеше бағытта үлес қосуда.

Ең алдымен, университет туризм индустриясы үшін жоғары білікті мамандар даярлайды. Білім алушылар оқу барысында теориялық біліммен қатар тәжірибелік дағдыларды меңгеріп, туристік нысандарда, қонақүйлерде, туристік компанияларда тәжірибеден өтеді. Бұл өз кезегінде өңірдегі туристік қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етеді.

 Сонымен қатар университет ғалымдары мен оқытушылары Түркістанның туристік әлеуетін зерттеуге бағытталған ғылыми жобаларды жүзеге асырып, өңірдің тарихи-мәдени мұрасын тиімді пайдалану, жаңа туристік бағыттарды қалыптастыру және туристік өнімдерді әзірлеу бойынша ұсыныстар береді. Университет базасында өткізілетін халықаралық конференциялар, форумдар мен ғылыми іс-шаралар да Түркістанның туристік имиджін нығайтуға септігін тигізеді.

Университет шетелдік жоғары оқу орындарымен және халықаралық ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Бұл тәжірибе алмасуға, халықаралық стандарттарды енгізуге және Түркістанды халықаралық деңгейде танытуға жағдай жасайды. Сонымен бірге шетелдік студенттер мен профессорлардың келуі қаладағы академиялық туризмнің дамуына әсер етеді.

Бұдан бөлек, университет студенттері мен оқытушылары Түркістанның тарихи-мәдени ескерткіштерін насихаттауға бағытталған түрлі жобаларға, экскурсиялық бағдарламаларға және туристік іс-шараларға белсенді қатысуда. Нәтижесінде киелі шаһардың туристік тартымдылығын арттыруға және оның халықаралық туристік орталық ретіндегі мәртебесін нығайтуға өз үлестерін қосуда.

Осылайша, университет тек маман даярлайтын білім ордасы ғана емес, сонымен қатар Түркістанның туристік индустриясын дамытуға, туристерді тартуға және қаланың халықаралық деңгейдегі танымалдылығын арттыруға ықпал ететін маңызды ғылыми-білім беру орталығы болып табылады.

– Қателеспесек биыл университет алғашқы магистрлерді түлетуде. Бұл – университеттің ғылыми дамуы жолындағы маңызды тарихи белес деуге болады. Биыл қанша магистр оқуды тәмамдауда және олардың арасында ерекше үміт күтер түлектер бар ма?

– 2026 жылғы 16 ақпанда 7М11102 – «Туризм менеджменті» білім беру бағдарламасы бойынша алғашқы магистрлердің бірі оқуын аяқтады. Оның магистрлік диссертациясы «Тарихи-мәдени туризмді басқаруды жетілдіру: Түркістан қаласы мысалында» тақырыбына арналды. Зерттеу Түркістан қаласы үшін өзекті мәселелерді қамтиды. Өйткені Түркістан – тарихи-мәдени мұрасы бай, рухани туризмнің орталығы саналатын шаһар. Мұнда Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы секілді маңызды нысандар орналасқан. Сондықтан тарихи-мәдени туризмді тиімді басқару, туристік ағынды ұйымдастыру және мәдени мұраны заманауи туристік өнімге айналдыру мәселелері ерекше маңызға ие.

Зерттеу жұмысының тәжірибелік құндылығы да жоғары. Магистр «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында ғылыми қызметкер болып еңбек етеді. Осыған байланысты диссертацияда ұсынылған тұжырымдар мен басқару тетіктері музей-қорық қызметін жетілдіруге және туристерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға ықпал етуі мүмкін.

Сонымен қатар, 7М11104 «Global Hospitality Management» білім беру бағдарламасы бойынша магистранттардың магистрлік жобалары маусымда қорғалады. Жалпы, алғашқы магистрлердің түлеп шығуы университет үшін ғана емес, Түркістан өңірі үшін де маңызды оқиға. Бұл туризм, мәдениет және басқару салаларына ғылыми көзқарасы қалыптасқан, тәжірибелі мамандардың келіп жатқанын көрсетеді. Университет алдағы уақытта да осындай білікті кадрлар даярлау арқылы өңірдің туристік және ғылыми-инновациялық дамуына үлес қоса береді.

–  Оқуды тәмамдаған түлектерді Түркістанда ұстап қалу әлі де күрделі түйткіл екені жасырын емес. Сіздің ойыңызша, сапалы мамандарды шаһарға тарту үшін не істемек қажет?

– Бұл бағытта ең алдымен жас маманға нақты мүмкіндік, кәсіби орта және болашаққа сенім қажет. Біздің университет бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтқанда, оқу орны жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатқан. Туризм, қонақжайлылық, сервис, мәдениет және басқару салаларындағы мекемелермен әріптестік негізінде білім алушылардың кәсіби ортаға ерте бейімделуіне жағдай жасалуда. Сонымен қатар университетте дуалды білім беру элементтері енгізіліп, теориялық білімді практикамен ұштастыруға басымдық берілген.

Тағы бір маңызды артықшылық – практика базаларының кең болуы. Білім алушылар оқу барысында әртүрлі ұйымдарда, қонақ үйлерде, туристік нысандарда, мәдени мекемелерде және қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп, еңбек нарығының нақты талаптарымен танысады. Бұл түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырып қана қоймай, олардың Түркістандағы кәсіби әлеуетін көруіне ықпал етеді.

Дегенмен, түлектерді қалада ұстап қалу үшін тек университеттің жұмысы жеткіліксіз. Бұл жерде жұмыс берушілер, жергілікті атқарушы органдар және бизнес өкілдері бірлесе әрекет етуі қажет. Жас мамандарға лайықты еңбек жағдайы, мансаптық өсу мүмкіндігі, тұрғын үй немесе әлеуметтік қолдау тетіктері ұсынылса, олардың Түркістанда қалуға ынтасы арта түседі. Сондықтан сапалы мамандарды шаһарға тарту үшін университет пен еңбек нарығы арасындағы байланысты одан әрі күшейтіп, түлектерге нақты жұмыс орындарын, кәсіби даму бағдарламаларын және өңірлік жобаларға қатысу мүмкіндігін ұсыну қажет. Біздің мақсатымыз – түлектерді жай ғана жұмысқа орналастыру емес, олардың Түркістанның дамуына үлес қосатын білікті, бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуына жағдай жасау.

Жалпы, жас маманды қалада қалдыру үшін оған тек жұмыс емес, болашақ ұсынуымыз керек. Егер түлек Түркістанда кәсіби тұрғыда дамитынын, еңбегі бағаланатынын және қала өмірінде өз орнын таба алатынын сезінсе, ол өз болашағын осы өңірмен байланыстыруға дайын болады.

Әңгімелескен Айнұр ОҢҒАРБАЙ

Жібек САДУАҚАСОВА: Түркістан әлем туристерінің сүйікті мекендерінің біріне айналады
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу