Түркістанда туризмнің көптеген түрін дамытуға болады

Oinet.kz 28-05-2021 489

16.jpg

Түркістанда «Ұлы Жібек жолы-Ұлы мұра»  атты халықаралық туристік форумда сөз алған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев күллі түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда туризмнің бірнеше бағытына басымдық берілетінін айтты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

«Түркістанның дамуы – Елбасының назарында. Еліміздің Тұңғыш Президентінің күнделікті бақылауының арқасында, Мемлекет басшысының қолдауымен құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі шара ең алдымен, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған. Ясауи кесенесіне зиярат етіп келушілер саны күн сайын артып, 1 млн-нан асты. Алдағы уақытта олардың қатары 5 млн-ға жетеді. Қасиетті мекенде археологиялық туризм, этнотуризм секілді туризмнің көптеген түрлерін дамытуға мүмкіндік бар», - деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Егемендік жылдары ел Үкіметі тарихи-мәдени мұра нысандарын зерттеу, сақтау және дәріптеу жолында ауқымды жұмыс жүргізгені белгілі. Туризм саласындағы стратегиялық және бағдарламалық құжаттар әзірленіп, қабылданды және нормативтік-құқықтық база жетілдірілді.

«Жақында ғана заңнамалық өзгерістер қабылданып, туризм саласында инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін кең ауқымды мүмкіндіктер беретін жүйелі шаралар енгізілді. Бұл шаралар 2019 жылы қабылданған мемлекеттік бағдарламаны толықтырады. Оның аясында қасиетті Түркістан қаласына кіретін ТОП-10 туристік дестинацияны дамыту көзделді", - деп атап өтті форумның модераторы,  Мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов.

Форум аясында қатысушылар өңіраралық және халықаралық кооперацияның жаңа нысандарын дамыту, әсіресе трансшекаралық бағыттарды құру мәселелерін талқылады. Ал кездесу қорытындысы бойынша қазақстандық және өзбек туроператорлары арасында Ұлы Жібек жолы бойында жаңа туристік өнімдерді қалыптастыру бойынша ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қойылды.

Трансшекаралық маршруттардың географиясын одан әрі кеңейту мақсатында қатысушылар алдағы уақытта ТОП-10 кіретін басқа дестинацияларда, мысалы, Ақтау немесе Бурабай сынды курорттық аймақтарда да осындай кездесулер өткізбек.

Форумның қорытынды бөлімінде танымал қазақстандық каскадер Жайдарбек Күнғожинов пен альпинистер құрамасының капитаны Мақсұт Жұмаевқа ҚР Туризм елшілерінің арнайы белгілері табыс етілді.


Түркістанда «Ұлы Жібек жолы-Ұлы мұра» форумы өтті
Қазығұртта ауыз су өндіретін цех іске қосылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу