«Өнерлі өлке»: Мереке гала-концертке ұласты

Oinet.kz 16-05-2023 165

17.jpg

 Түркістан қаласында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Қазығұрт ауданының мәдениет күндері өз мәресіне жетті. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. 

«Қырық қыз туралы аңыз» музыкалық композициясынан бастау алған шара аудан өнерпаздарының қатысуымен «Өнері өрлеген өлке» атты гала-концертке ұласты. Мерекелік шараға Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов қатысып, түркістандықтарды облыстың 5 жылдығымен құттықтады. 

Содан соң «Өнер» мектебінің ұлт-аспаптар ансамблі, «Жұлдыздар» және «Балауса» халықтық би ансамблі, «Қазығұрт әуендері» вокалды аспаптар ансамблі және тағы басқа өнерпаздар келген қонақтарға мерекелік көңіл күй сыйлады. 

Мәдениет күндері барысында алғашқы екі күнде Этноауылда ауданның қылқалам және қолөнер шеберлерінің ерекше туындылары көпшілік назарына ұсынылып, қала тұрғындары мен қонақтарының оң бағасын алды. Бұдан бөлек, «Ұлт тәрбиесінің өзегі – ұлттық тағам» атты ұлттық тағамдар көрмесі, «Ата салтым – алтын қазынам» атты салт-дәстүр мен әдет-ғұрып көріністері және «Ұлттық ойын – халық мұрасы» атты ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтті. Шетелдік туристерге де қарын бүрме, әлім ботқа секілді ұлттық тағамдар түрі ұсынылып, дайындалу тәсілдерімен бөлісті. Сонымен қатар кілем тоқу, ұршық иіру, киіз басу, жүн түту әдістерімен танысқан қала қонақтары ерекше таңданысын білдіріп жатты. 

Шара барысында қазығұрттық өнерпаздар «Айдар шаш алу» дәстүрі мен әдет-ғұрып көріністерін сахналады. Киелі шаһарға келулілер аудан өнерін тамашалап қана қоймай, ұлттық спорт түрлерінен – қой көтеру, асық ату, қол күрес және қазақша күрес сайыстарына да қатысты.

Айта кетейік, аталған фестиваль шілде айының соңына дейін өтеді. Әрі қарай аудан-қалалар осылайша апта сайын өнерлерін көрсетеді. Келесі кезекте Түлкібас ауданының өнерпаздары руханият көшін жалғастырады.


«Өнерлі өлке»: Ұлттық дәстүр ұлықталған күн
Солтүстікке көшкісі келгендерге қолдау көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу