Дархан Сатыбалды бала қауіпсіздігіне қатысты тапсырмалар берді

Oinet.kz 23-05-2023 183

6.jpg

Жазғы шомылу маусымында Түркістан облысындағы өзен-көлдер мен су айдындарында, бассейндерде қауіпсіздік шаралары күшейтілуі керек. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аппарат мәжілісінде осы мәселеге тоқталып, жауаптыларға тапсырмалар берді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

– Күн жылынған соң жұрт елді мекендерде шомылу маусымын бастап кетті. Балалар шомылып жүр. Ауыл-аймақтарда, қалаларда қауіпсіздік шараларын күшейтіңіздер. Ата-аналар да балаларына жауапты екенін қаперлерінде ұстағаны жөн. Бұқаралық ақпарат құралдарында бейнероликтер, жадынамалар көрсетілсін. Соңғы 3 жылда суға кеткен жағдайларға талдау жасап, суға кеткен жағдайлар көп тіркелген орындарда ескерту белгілерін орнату қажет. Шомылуға арналған арнайы орындар ашып, құтқарушылармен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдансын. Кішкентай балаларға қауіпсіз бассейндерді көбейту, оларды жүзуге үйрету мәселесі бойынша да ұсыныстар беріп, жобаларды қарастырып шығу керек, – деді Дархан Сатыбалды. 

Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, жыл басынан бері облыс аумағында 20 адам суға кеткен. Оның 15-і – ата-аналарының қарауынсыз қалған жас балалар. 

Облыста жалпы 4334 су нысаны бар. Олар: 42 су қойма, 149 ірі және кіші өзендер, 25 көл, 2870 канал және 1248 қашыртқы. Осыған байланысты су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспары бекітіліп, бақылауға алынған.

Қазіргі таңда өңірде 11 коммуналдық жағажай ашу орындары белгіленген. Олар: Арыс қаласы – 3, Сауран – 2, Шардара – 3, Отырар – 1, Бәйдібек – 2. Аймақта 111 шомылуға қауіпті учаске тіркеліп, онда 370 дана шомылуға тыйым салу белгілері орнатылған. 

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары атқарылып жатқан шаралар судағы қайғылы жағдайларды төмендетуге септігін тигізуде. Атап айтатын болсақ, арнайы шомылатын орындары жоқ аудандарда модульді-каркасты бассейндер сатып алынып, елді-мекендерге орналастырылып, балалардың тегін және қауіпсіз шомылуына мүмкіндіктер жасалды. Бұл жұмыстар Арыс қаласы және Ордабасы, Шардара және Жетісай аудандарында ғана жүргізілді және сол аудандарда адамдардың суға кету деректері азайып отыр. Жалпы 12 млн. теңгеден астам қаржыға 43 каркасты бассейн сатып алынған. 

Облыс әкімі басқа аудан, қала әкімдеріне де осы бағытта жұмысты жандандыруды тапсырды. 

Жалпы облыста 85 бассейн бар. Өткен жылы 33 жекеменшік бассейні бар кәсіпкерлермен меморандум түзіліп, әлеуметтік тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың 5000-ға жуық баласын ақысыз суға шомылдыру жұмыстары жүргізілді. 

Өңірде судағы қауіпсіздік бойынша үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 

Мәжілісте мамандар су айдындарында балаларды қараусыз жібермеу, шомылуға тыйым салынған аймақтарда бақылауды күшейту, коммуналдық жағажайларды көбейту, ерікті суда құтқарушы жасақтарын құру (мерзімдік) және оларды ТЖД-де арнайы оқудан өткізу, медициналық көмек көрсету бекеттерін құру (мерзімдік), қоғамдық қауіпсіздік бекеттерін құру (мерзімдік) жөнінде ұсыныс берді. 

2022 жылы Отырар ауданы және Арыс қаласы әкімдіктерінің қолдауымен жұмыспен қамту орталығы арқылы 33 адам жұмысқа қабылданып (Отырар ауданы – 25, Арыс қаласы – 8, департаменттен даярлықтан өткізілді. Бұл азаматтар судағы және өрт қауіпсіздігі бойынша үгіт-насихат жұмыстарына белсенді қатысып, үлкен үлесін қосуда. Биыл осы жұмыс басқа аудан, қалаларда қолға алынады деген жоспар бар.


«Ауыл аманаты» әкімдерге үлкен жауапкершілік
Түркістан: 40 мыңнан астам бала лагерде демалады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу