Солтүстікке қоныс аударушыларға қолдау көп

Oinet.kz 25-05-2023 116

22.jpg  

Түркістан облысында "Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы аясында Солтүстік өңірлерден келген делегация мүшелері қоныс аударуға ниетті азаматтармен кездесу өткізіп, көші-қон саясатын түсіндіріп жатыр. 

Осы мақсатта бүгін «Отандастар қорының» Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі Әлфараби Мыңбай, ішкі көші-қон мәселесімен айналысатын «Tauekel» қоғамдық ұйымының төрағасы Бурахан Даханов, Ақжар ауданының Халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Бауыржан Баржанов арнайы Сарыағаш ауданындағы Жартытөбе, Ынтымақ ауылдарының тұрғындарымен кездесу өткізді. 

Жиында тұрғындар тарапынан коммуникация, жұмыс орындары, егіншілік жерлері жөнінде сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар берілді.

Келелі жиын барысында Б.Баржанов әлеуметтік жеңілдіктер жөнінде кеңінен түсіндіріп өтті. Көшіп барған отбасы мүшелерімен 5 жылға келісім-шартқа отырады. Әлеуметтік бірреттік төленетін қаражат, тұрғын үй алған отбасы сол облыста тұруы керек. Әр отбасы мүшесіне 241 000 теңге төлемақы беріледі, ал тұрғын үйге 4 млн теңгеге дейін қаражат берілетінін жеткізді маман. 

Сонымен қатар, "Серпін" бағдарламасы бойынша "Отандастар қорының" сарапшысы Мыңбай Әлфараби толық ақпарат беріп, мектеп түлектерін теріскейдегі университеттерге оқуға шақырды. 

Одан бөлек, «Tauekel» ұйымының төрағасы Бурахан Дақанов солтүстік өңіріне қажетті мамандықтармен таныстырып, қоныс аударғандардың тек жеке мақсатта ғана емес, ел үшін маңызды екендігін түсіндірді. Оның айтуынша, өңірге медицина, білім, кәсіпкерлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларымен айналысатын мамандар ауадай қажет. Сондай-ақ, қоныс аударушыларға мемлекет бекіткен көмектен бөлек басқа да қолдауларды көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.

Айта кетейік, делегацияның 5 күнге жоспарланған жұмыс сапары өзге де аудандарда жалғасады.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі


Солтүстікке көшіп келгендерге жұмыс табылады
Жетісайда кір жуғыш ұнтақ шығарылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу