Тұрғындардың талап-тілегі қадағалауға алынды

Oinet.kz 13-06-2023 147

44.jpg

Түркістан облысы  Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев бекітілген кестеге сәйкес тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген азаматтар ауыз су, жайылымдық жер бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Бұл туралы Төлеби ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Жаздың аптап ыстығында аудан халқы тіршілік нәрінің тапшылығына тап болады. Аққұм, Көксәйек, Қаратөбе елді мекендерінен келген тұрғындар ауыз суға қатысты шағымдарын жеткізіп, сала мамандарынан ол бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысын тыңдап, бұлақ басын қоршау, су есептегіш қондырғыларын орнату секілді мәселелерді бірлесіп шешу үшін жұмыс жүргізу қажеттігі сөз болды

Тасарық елді мекенінің тұрғыны Ә.Мәлік балық шаруашылығын дамыту қолға алғанын, оған арнайы жер қарастырғанын, округ халқы кәсіпкерге қолдау көрсетіп отырғанын айтып, жер бөлуге көмек сұрады. 

Алатау ауылдық округ тұрғыны Қ.Умирзаков мазаратқа баратын жолдың лагерь меншігінде екенін, оны мемлекет иелігіне қайтарып, жөндеп беруді сұранды. 

Зертас елді мекенінің тұрғыны Ә.Құралбаев шағын саябаққа түнгі жарық қойып, ауыз су және электр қуатын жеткізу қажеттігін сөз етті. 

Көксәйек, Қасқасу, Кемеқалған, Керегетас, Қаратөбе елді мекендерінің ауыл билері өз мақсатында пайдаланылмаған жайылым алқаптарын халық мұқтажын қанағаттандыру мақсатында мемлекеттің арнайы қорына өтуіне қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұрғындардың осы мәселеге байланысты шағымдарын жеткізіп, заңсыз берілген, бос жатқан жерлерді қайтарып алу жөніндегі арнайы комиссия жұмысымен танысты. 

Ленгір қаласының тұрғыны М.Талқанбаева былтырғы жылы пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үйдің құбырларына қатысты орын алған олқылықтарды реттеуге көмек сұрады. 

Аудан орталығының тұрғыны Б.Темирбекова «Төлеби» саябағы аумағына балаларға арналған аттракцион қойып, дәмхана ашуды жоспарлағанын, бұл бағытта бизнес жобасын дайындап алып келетінін айтып, сала мамандарынан кеңес алды. 

Қарақия елді мекенінің тұрғындары табиғи газ тарту ісіне байланысты туындаған сұрақтарына жауап алды. 

Қабылдау барысында аудан әкімі тұрғындардың мәселесін тыңдап, бірқатарына заңдылыққа сәйкес жауап берсе, бірқатар азаматтардың мәселесін шешу үшін тиісті бөлім басшыларына тапсырма жүктеп, оның орындалу барысы өз қадағалауына алатындығын жеткізді.

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы заңдылықтарға сәйкес жергілікті билік органының өз құзыреті аясында мәселелерді шешу мақсатында тиісті шаралар қабылданатын болады.


Қасқасу табиғи газға қосылады
Төлеби ауданы биыл газбен толық қамтылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу