Арыс: 4 ауылда газдандыру жұмыстары басталды

Oinet.kz 11-06-2023 117

59.jpg

Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың тұрғындармен кезекті кездесуі Байырқұм ауылдық округінде өтті. Бұл туралы Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Кездесуде шаһар басшысы қала көлемінде әр саладағы көрсеткіштеріне жеке-жеке тоқтала келіп, түйінді мәселелерді шешу жолдарын айтып өтті.

Одан кейін, жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісіп, байырқұмдықтармен бірге өзекті мәселелерді егжей-тегжейлі талқылады.

Кездесу барысында «Біздің мақсатымыз – сіздермен еркін пікір алмасып, маңызды мәселелерді талқылау. Себебі ауыл мәселесін сіздерден артық білетін ешкім жоқ. Алдағы уақытта да ауылдарды дамыту жұмыстары жаңа қарқынмен жалғасатын болады», - деді Гүлжан Мамытқызы.

Биыл Байырқұм, Көкжиде, Жиделі, Аққала елді мекендеріне газ құбырының құрылысы басталды. Бұдан бөлек, Байырқұм елді мекенінен заманауи спорт зал салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, республикалық бюджетке сұраныс берілген. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын одан әрі өркендету мақсатында «Б-К-1» каналына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Кездесуде қала әкімі ауыл тұрғындарының бірлігі мен ынтымағын да тілге тиек етті. 

«Өткен жылы осыдан 20 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер ауылға 200 орындық жылжымалы шатыр (палатка) сыйға тартты. Ал биыл Байырқұм азаматтары өздері оқыған мектепке 3 миллион теңгеден астам қаржыға демеушілік көрсетіп, азаматтық іс жасады. Оның алдында ауылға кіреберіс арканы жөндеткен де ауыл түлектері. Жыл сайын спорттық жарыстар мен танымдық шараларға да қаржылай демеу жасап жүргендерін естідік. Осындай ынтымағы мен бірлігі жарасқан халқы бар Байырқұм ауылы көпке үлгісіздер, берекелі ауыл жұртына шынайы алғысымды айтамын»- деді қала әкімі. 

Ашық форматта өткен кездесуде тұрғындар жеңілдетілген несие рәсімдеу, жайылым жер, тұрғынүйлік жер телімін рәсімдеу сынды мәселелерді көтерді. Қала әкімі әрбір тұрғынның сұрағын жауапсыз қалдырмады. Жиыннан соң ауыл жұрты жеке мәселелері бойынша әкім қабылдауында болып, түйіткілді мәселелердің түйіні тарқатылды. 



Жиделі «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысады
«Ауыл аманатына» Қожатоғай да қосылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу