Мақтаарал: Инфрақұрылым мәселесі бақылауда

Oinet.kz 21-06-2023 169

47.jpg

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов ауыл тұрғындарының шақыртуымен Еңбекші ауылдық округі Жантақсай ауылына барды. Бұған дейін аталған ауылдың азаматтары аудан әкімінің жеке қабылдауында болған еді. Бұл туралы  Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Сала басшыларын жинап барған аудан басшысы ауыл тұрғындарының көтерген мәселелерін тыңдап, шешу жолдарын қарастырды. Жантақсайлықтар негізінен ауылға газ тарту, тозығы жеткен электр бағаналарын жаңарту, елдімекенді кеңейтуге арналған жер теліміне инфрақұрылым тарту мәселелерін көтерді. 

Аудан басшысы ауылға газ тарту бойынша жобалық сметалық-құжаттама жасалып жатқанын, дайын болған соң қаржы бөлдіруге ұсынатынын жеткізді. Ал, елдімекенді кеңейтуге арналған жер теліміне инфрақұрылым тарту бойынша ауданның сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Бижан Анарбековке тапсырма беріп, жол, ауыз су, электр желісін тарту бойынша жобалық сметалық-құжаттамаларын шұғыл түрде жасау керектігін айтты. Ал, электр бағаналарын жаңарту бойынша жауапты мекемеге тапсырма беретінін түсіндірді. 

Жиын барысында ауыл тұрғындары арнайы келгені үшін аудан әкіміне алғыстарын жеткізіп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Аудан әкімі ауылды дамыту үшін әрқашан ауыл тұрғындарымен бірлесе жұмыс жасауға әзір екенін жеткізді. 

Айта кетейік, Жантақсай ауылында 700-ге жуық халық тұрады. Елдімекендегі Х.Доспанова атындағы жалпы орта мектептің ғимараты 2012 жылы, фельдшерлік-акушерлік пункті 2018 жылы ел игілігіне берілген. Сонымен қатар, ауылда қайырымдылық есебінен 2022 жылы "Біләл" мешіті, биыл жеке кәсіпкердің есебінен "Ағарыс-Жанарыс" балабақшасының ғимараты пайдалануға тапсырылды. 

Биыл елдімекендегі 1200 метрлік А.Қолдасов көшесіне бюджет есебінен асфальт төселді. 


Мақтаарал: Ағын су мәселесі пысықталды
Келес: Теріс каналы тазалаудан өтеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу