Түркістан туризмі үш бағытта дамып келеді

Oinet.kz 05-07-2023 284

Screenshot_1.png

Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды туризмді дамыту бойынша облыста үш бағыт айқындалғанын айтты.

Бірінші – тарихи-танымдық бағыт. Туристерге өлкедегі 1 770 тарихи-мәдени ескерткіш қызмет көрсетеді.

Экологиялық туризм бойынша облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи нысан орналасқан. Экологиялық туризмді дамыту мақсатында 30 туристік маршрут құрылған.

«Емдік-сауықтыру туризмі бағытында 72 емдік-сауықтыру орны жұмыс істейді, нөмірлік қоры қазіргі таңда 7940 төсек-орынды құрайды. Жыл соңына дейін қосымша тағы 2 емдік-сауықтыру кешенін пайдалануға беру жоспарлануда», - деді Д. Сатыбалды.

Жалпы, аталған бағыттар бойынша былтыр облысқа 470 мыңнан астам турист және 1 млн астам визитер келген, салаға 69 млрд теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде 19 туристік инвестициялық жоба аяқталып, пайдалануға берілді. 

Сонымен қатар әкім  алты ғасырдан астам уақыт бұрын бой көтерген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жай-күйіне тоқталды.

«Ол жердегі проблемалар – біріншіден, қабырғаларының отыруы, сондай-ақ қабырғаларының ылғалдануы, үшіншіден, төбелерінің көгеруі. Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп бұл мәселені шешу қолға алынды. Қазір республикалық бюджеттен 317 млн теңге қаржы қаралып, оған тиісті құралдар алынды, мониторингтік топ құрылды», – деп нақтылады Дархан Сатыбалды.

Әкімнің айтуынша, бұл топ кесенедегі өзгерістердің себебін анықтаумен айналысады. Бір жылдан кейін қорытындысы шығады, содан кейін қандай жұмыс істеу керек, не себептен болып жатқаны анық болады, деп түйіндеді облыс басшысы.


Дархан Сатыбалды: Өзіндік кірістерін көбейтуіміз қажет
«ART TURKISTAN» фестивалі мәресіне жетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу