«Өнерлі өлке»: Сарыағаштық өнерпаздар гала концерт берді

Oinet.kz 03-07-2023 339

46.jpg 

Түркістан облысының 5 жылдығына орай ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Сарыағаш ауданының гала-концерті өтті. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Салтанатты шараны аудан әкімі Арман Абдуллаев ашып берді.

– Баршаңызды Түркістан облысының 5 жылдығымен құттықтаймын! «Өнерлі өлке» облыстық фестивалі ұлттық мәдениет пен өнерімізді дамытып, жастар арасында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды дәріптеп, аймақтардан шыққан өнер майталмандарын көпшілікке танытары сөзсіз. Осы орайда Сарыағаш ауданының концертін бірге тамашалауға шақырамын, – деді Арман Айдарұлы.

Концерттік бағдарлама «Еркетай» би тобының орындауындағы «Туған өлке» экспозициясымен басталды. Аталмыш шарада танымал тұлғалардың бірі, «Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген қайраткері», әнші Медеу Арынбаев, Дархан Абсұлтанов, Ташкент қаласында өткен Халықаралық «Жаз жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдер байқауының Гран при иегері Айша Уалихан, «Саялы Сарыағаш» этно-фольклорлық ансамблі, Сапаховтар отбасылық ансамблі, «Еркетай» би тобы, «Мейрам» тобы, «Шашбаулым» би тобы өнер көрсетті. Цирк өнерінің майталманы, тұңғыш жыртқыш аң үйретуші қазақ қызы Жанат Қалметованың қызы өнер көрсетіп, көпшілікті тамсандырды. 

Халықтық драма ұжымының сахналауындағы «Бастаңғы» театрландырылған көрінісінде жеңге мен қайны арасындағы әдемі қалжың мен әсерлі әндер айтылды. Ал аудан әншілерінің орындауындағы «Түркістаным – Тұраным» әні кешті қорытындылады.

Бұған дейін Этноауыл аумағында «Асыл мұра» атты қолөнер және қылқалам шеберлерінің көрмесінен бастау алған ауданның мәдениет күндері қала тұрғындары мен қонақтарын тамсандырған болатын. Рухани-мәдени шара аясында ұлттық салт-дәстүр мен ғұрыптардан көріністер көрсетілді. Сонымен қатар терме, халық әндері мен дәстүрлі әндер орындалды. Ал асық ату, ләңгі тебу, жаяу тартыс пен хан алшыдан сайыстар өткізіліп, шетелдік туристердің қызығушылығын тудырды. «Сарыағаш сыйы» атты ауданда өндірілген өнімдер мен ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңке-көрмесі өткен еді.


«Тұран даласының күйлері» байқауы өтті
«Қазақтың үні-домбыра»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу