Отырарда астық жинау науқаны басталды

Oinet.kz 03-07-2023 351

60.jpg

Түркістан облысы Отырар ауданында шаруалар ағын су тапшылығының алдын алу мақсатында бидай егуді қолға алған болатын. Аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың ұсынысымен, жергілікті шаруалардың қолдауымен басталған жұмыстар өз нәтижесін беріп, бүгінгі таңда астық жинау науқаны басталып кетті. Енді шаруалар өнім көлемі мен сапасын арттыру бағытында тәжірибе жинап, қажетті техникаларды алу мүмкіндіктерін қарастыруда. Бұл туралы Отырар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Осы мақсатта бүгін Қарғалы ауыл округіндегі егістік алқабында «Пайдаланылмаған егістік алқаптарды тиімді пайдалану, агро химиялық өңдеулер жүргізу және өнімділігі мол бидай егу мен қатар су үнемдеу технологияларына көшу» атты аудандық семинар өтті. Семинарға келген шаруалар егістік алаңдағы өнімділігі мол тұқым, минералды, органикалық тыңайтқыштармен жаңбырлатып суғару көрмесімен танысып, мамандардан кеңес алды. Семинар жұмысына арнайы қатысқан аудан басшысы Сәкен Сұлтанханов бидай егуді алғаш рет тәжірибе ретінде бастаған шаруаларға бүгінгі жиынның маңыздылығын атап өтті.

Аудан әкімі өз сөзінде: «Аудан көлемінде осы дақыл түріне қызығушылығы артып, алдағы уақытта бидай егуге ниетті азаматтардың қатары көбейіп келеді. Осы орайда бізге өнім көлемі мен сапасын арттыру мақсатында тиімді шараларды қолдану қажет. Сондықтан да ғылыми зерттеу институттары мамандарының көмегіне жүгініп, шаруалардың тәжірибесін жетілдірудің маңызы зор»,-деді.

Мұнан соң Түркістан облысы Кәсіпкерлер Палатасы директорының кеңесшісі Боранбаев Нұрлыбек Нұрманұлы «Агро-кеңес беру орталығы» негізінде өсімдік шаруашылығын дамыту» тақырыбында баяндама жасап, егілетін тұқымдардың сапасы мен алынатын өнімділігі туралы жан-жақты әңгімелеп берді.

Сондай-ақ элиталы ұрық және минералды тыңайтқыштар тасымалдаушы фирмалардың өкілдері құрамында гуматы бар және хелатталған сұйық тыңайтқыштар өндірісі және топырақ пен өндірілген дақылдардың қажеттіліктеріне сәйкес тыңайтқыштардың құрамын таңдау мүмкіндігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Семинар барысында шаруалар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, қажетті мағлұматтарға қанықты. Ғылыми негіздеменің толық іске асатынына көз жеткізу үшін егістік алқаптардың топырағын зерттеп, тыңайтқыштарды қолданып көруге ниетті екендерін жеткізді.

Айта кету керек, бүгінде аудан көлемінде 300 гектар аумаққа күздік бидай егілген болса, оның ішінде 165 гектары Қарғалы ауыл округінде егілген. Алдағы уақытта шығыны аз, ағын суды көп қажет етпейтін, шаруаларға қолайлы бидай алқабын одан әрі ұлғайту көзделіп отыр.


Теміржолшылар саябағы қайта жаңғыртылуда
Сауранның туристік мүмкіндіктері пысықталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу