Мемлекеттік бағдарламаның арқасында наубайхана ашты

Oinet.kz 28-07-2023 240

18.jpg 

Келес ауданындағы Абай ауылының тұрғындары, ерлі-зайыпты Тимур Хашимов пен Бибігүл Абдуллаева бүгінде наубайхана ашып, күніне 200-ден аса нан пісіріп, ауылды ас атасымен қамтамасыз етіп отыр. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. 

Бүгінде төрт адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер нан пісіру кәсібін бастағанына небәрі төрт ай болса, тандыр жасаумен 2021 жылдан бері айналысып келеді. Ендігі кезекте кәсіпкер отбасы 2,5 пайыздық несие алып, екінші наубайхана ашуға ниетті.

Отанасы Бибігүл тандыр пеш жасауды өзінің ата кәсібі деп біледі. Келін болып түскен кезде қайынатасы тандыр жасаумен айналысып, соны күнкөрісіне айналдырған екен. Ол 2021 жылы наурыз айында «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында грант алып, отбасылық кәсібін бастаған. Қазір шаруаны үйіндегі отағасы мен балалары атқарады.

Кәсіпкердің жолдасы Тимур Хашимов алты жылдан бері тандыр жасау кәсібімен айналысып келеді. Ол барды ұқсатып, іс қылса, ешкім ешкімге алақан жаймайтынын, табыстың көзі еңбекте екенін айтады.

Оның айтуынша, тандыр пеш жасаудың да өзіндік қыр-сыры, қиыншылығы бар. Бір күнде 10-нан аса тандыр қалыбын әбден илеуі қанған лайдан жасайды. Оның толық кебуіне 5-6 күн кетеді. Бір айда 360 тандыр жасап саудалайды. Сапалы тандыр жасау үшін сары, қызыл топырақ керек. Бір тандыр пештің бағасы 6 мың теңгеден. Сапасына қарай бағасы 100 мың теңгеге дейін жоғарылай береді.

– Тандыр пеш жасауды атамыз Өзбекстаннан үйреніп келген. Ол кәсіпті үйдегі отағасы, бала-шағамызбен үйреніп алдық. Қазір ол күнкөріс табысымызға айналды. Әрине, бұл жаз мезгілінде ғана атқарылатын тірлік. Осы кезде біз бар күшімізді саламыз. Күніне 10-12 тандырға дейін жасаймыз. Кейде тапсырыс көбейген кезде 1 айда 150-200 тандыр пеш жасап шығарамыз. Әр апта сайын күйеуім тандырды базарға алып шығады, – дейді жұбайы Бибігүл Абдуллаева.

Қазіргі таңда кәсіпкер отбасының қолынан шыққан тандырларын тек Келес ауданындағы елдімекендер ғана емес, сонау Шардара, Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаштан келіп алып кетеді.


Мақта шаруашылығына қытайлық технология енгізіледі
Сарыағаш: Апатты көпірлер жөндеуден өтеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу