«Біздің басты құндылығымыз – руханият пен мәдениет»

Oinet.kz 08-08-2023 123

30.jpg 

Түркістан төрінде облыс әкімдігінің және «Jibek joly» телеарнасының ұйымдастыруымен концерт өтті. Мерекелік шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

– Биыл облысымыздың құрылғанына 5 жыл! Мұнда қазір түрлі мәдени-көпшілік шаралар тұрақты өтіп келеді. Апта сайын концерттер ұйымдастырылады. Бұл концерт те соның жалғасы іспетті. «Жібек жолы» деген атау бізге таңсық емес. Қасиетті Түркістан қаласы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан бірден-бір тарихи шаһар. Өздеріңіз көріп отырғаныңыздай, аз уақыт ішінде өзгеріп, адам танымастай кейіпке енді. Халқы да еселеп артты. Қазіргі таңда Түркістан тек өңірдің, тіпті Қазақстанның ғана емес, түркі әлемінің мәдени-рухани темірқазығына айналып отыр. Біздің басты құндылығымыз – руханият пен мәдениет. Баршаңызды осынау мерекемен шын жүректен құттықтаймын және шынайы алғыс білдіремін, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Ал Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің креативті директоры Әсел Тұрсынғазина өз кезегінде көпшілікті мерекемен құттықтап, шараның мақсатына тоқталды. Сондай-ақ алдағы уақытта аталмыш концерт «Jibek joly» телеарнасынан көрсетілетінін жеткізді.

Тарихтағы Ұлы Жібек жолы – Қытайдың Ши-ан деген жерінен басталып, Шыңжаң, Орталық Азия арқылы Таяу Шығысқа баратын керуендік жол бағыты. Ал осы адамзат өркениеті жасаған тарихи ескерткіштің атымен аталатын Jibek Joly – SilkWay телеарнасы Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс және Африканың солтүстік бөлігіне хабар тарататын бірден-бір қазақстандық арна.

Қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған ақпараттық және ойын-сауық жанрындағы шараны Ануар Карбозов пен Жансерік Бейсеев жүргізді. Концертке елімізге белгілі әншілер, атап айтқанда Мәдина Сәдуақасова, Қуандық Рахым және Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның ұжымы өнер көрсетті.


Түркістан: Жиын-терім науқаны мерзімінде аяқталады
Балық шаруашылығы бойынша Түркістан көш бастап тұр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу