Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу өтеді

Oinet.kz 22-08-2023

30.jpg 

Биыл 1-30 қыркүйек аралығында Президенттік жастар кадр резервіне кезекті үшінші іріктеу өтеді. Талаптарға сәйкес, іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және кез-келген салада 5 жыл жалпы жұмыс өтілі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен жоғары меңгерген ҚР азаматы қатыса алады. Бұл туралы брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Дархан Сүртеков айтты.

Оның айтуынша, резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау 2023 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында pkrezerv.gov.kz арнайы ақпараттық жүйесінде онлайн режимде жүзеге асырылады. Іріктеу объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Бағалаушылар үшін үміткердің кім екендігі беймәлім болады. Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады.

- Үшінші іріктеудің ерекшелігі - мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып мақсатты іріктеу жүргізу. Іріктеуге қатысу үшін жеке басты куәландыратын, білім туралы және еңбек қызметін растайтын құжаттардың көшірмелерін және мемлекеттік тіл бойынша емтиханды тапсырғаны туралы арнайы нысандағы жарамды ресми сертификат ұсынады. Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуі тиіс. Олар: кандидаттардың құжаттарын қабылдау; мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау; ситуациялық тапсырмаларды шешу; құзыреттерді бағалау; резервке іріктеу жөніндегі сарапшылық комиссияда кандидаттармен әңгімелесу; сарапшылық комиссия резервке алуға ұсынған кандидаттарды Ұлттық комиссияның отырысында қарау, - деді Дархан Әшірханұлы.

Айта кететіні, 2019-2021 жылдары резервке алынған 350 адамның 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істеуде. Яғни жалпы санның 75%-ы жұмысқа орналастырылған.

 


«Мектепке жол» Темірланда өтті
Жетісайда заманауи медорталық салынады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу