«Ішімдіксіз ауыл» жобасы—игі бастама

Oinet.kz 08-10-2025 17

10.jpg 

Түркістан облысы Төлеби ауданында полиция мен халық арасындағы өзара байланысты нығайту бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Осыған орай Қасқасу ауылдық округінде «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында жергілікті тұрғындармен кездесу ұйымдастырылып, құқықтық мәдениетті арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ қоғамдағы тәртіп пен тыныштықты сақтау мәселелері кеңінен талқыланды. Іс-шараға Төлеби аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғалымжан Қуашбаев арнайы қатысып, жергілікті халықтың көкейіндегі сұрақтарына жауап беріп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

 Түркістан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында азаматтар ауылдағы құқықтық ахуалға байланысты ойларымен бөлісіп, учаскелік полиция инспекторының жұмысын оң бағалай отырып, кейбір өзекті мәселелерге де назар аударды. Өз кезегінде Қасқасу ауылдық округіне жауапты учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Ербол Жайлаубаев 2025 жылдың 9 айында атқарылған іс-шаралар туралы есеп берді. Ол ауыл аумағындағы құқықбұзушылықтардың деңгейі, тұрғындармен байланыс, алдын алу жұмыстары, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы өз жұмыстары туралы кеңінен баяндады. Сонымен қатар алдағы жоспарларымен бөлісіп, қауіпсіз орта қалыптастыруда тұрғындардың белсенділігі маңызды екенін атап өтті.

Полиция қызметкерлері кездесу кезінде тек есеп беріп қоймай, өзекті мәселелердің бірі – интернет алаяқтыққа қатысты да кең көлемде ақпарат берді. Соңғы жылдары цифрлық технологияның дамуымен бірге түрлі онлайн алаяқтық әрекеттері көбейіп келеді. Құқық қорғау органдарының өкілдері азаматтарды алаяқтардың айла-тәсілдерінен сақ болуға шақырып, күмәнді сілтемелерге өтпеу, жеке мәліметтерді ешкімге бермеу, бейтаныс адамдармен қаржы аударымдарын жүргізбеу туралы нақты кеңестер ұсынды. Олар осындай қылмыстардың алдын алу үшін әрбір азамат құқықтық сауатын арттырып, сақтық шараларын білгені маңызды екенін атап өтті.

Сонымен қатар, есірткіге қарсы күрес – полиция қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде талқыланды. Тәртіп сақшылары жастар мен жасөспірімдер арасындағы зиянды әдеттердің, соның ішінде есірткімен байланысты құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстарының маңызын түсіндірді. Еліміздің болашағы – жастар десек, олардың дұрыс бағытта тәрбиеленіп, салауатты өмір салтын ұстануы – тұтас қоғамның ортақ міндеті екені айтылды. Бұл бағытта мектептермен, ата-аналармен және қоғамдық ұйымдармен бірлескен жұмыстар жалғасып келеді.

Қоғамда тыныштық пен тәртіп сақтау тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың борышы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, "Халық үніне құлақ асатын мемлекет – бұл жай ғана ұран емес, бұл – барша мемлекеттік құрылым жұмысының негізгі қағидасына айналуы тиіс." Бұл ұстаным полиция қызметіне де тікелей қатысты. Яғни, құқық қорғау органдары халықпен ашық әрі әділетті жұмыс жүргізіп, олардың сеніміне ие болуға бар күшін салуы қажет. Бүгінде осындай ашық диалогқа негізделген кездесулер – полиция мен қоғам арасындағы сенімді арттырудың тиімді құралына айналып отыр.

Кездесу барысында тәртіп сақшылары тұрғындарды елімізде кеңінен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысуға шақырды. Бұл бастама әрбір азаматтың экологиялық сана-сезімін қалыптастырып, туған өлкені таза ұстауға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Тұрғындар бұл ұсынысты қолдап, ауыл-аймақтың тазалығы – денсаулық кепілі екенін айтты.

Сонымен қатар полиция өкілдері ел ішінде ерекше қолдауға ие болған «Ішімдіксіз ауыл» жобасы туралы да ақпарат берді. Бұл бастама ауылдағы тәртіп бұзушылықтар мен отбасылық жанжалдардың алдын алуға, жастарды зиянды әдеттерден сақтау мен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Полиция қызметкерлері мұндай игі бастамалардың тек құқықбұзушылықты азайтып қана қоймай, ұлттық тәрбиенің қайта жаңғыруына, ауылда рухани ортаның нығаюына сеп болатынын жеткізді.

Жалпы алғанда, бұл кездесу құқық қорғау органдары мен ауыл тұрғындарының өзара сенімді диалогын дамытуға үлес қосып, құқықтық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстардың жандануына серпін берді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – тек құқық қорғау саласының ғана емес, бүкіл елдің, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін барша қатысушылар терең түсінді. Ал заң мен тәртіпті берік ұстану – кез келген елдің тұрақтылығы мен дамуының негізгі кепілі екені тағы бір мәрте нақтыланды.


Түркістан: SOS батырмаларының жұмысы тексерілді
Отбасының берекесі –сыйластық пен түсіністік
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу