Келесте орталық көшелердің 92 пайызы асфальтталған

Келес ауданының орталығы Абай ауылында жол инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынды. Қазіргі таңда елді мекеннің негізгі көшелерінде орташа жөндеу және асфальт төсеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Атап айтқанда, Б.Қырғызалиев көшесінде жаңа асфальт жабындысын төсеу жұмыстары басталып, жол сапасын жақсартуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, жоба аясында Ә.Жылқышиев гүлзары аумағы, Абылай хан, Т.Рысқұлов, Ә.Молдағұлова және Құрылыс көшелерін кезең-кезеңімен жаңарту жоспарланған.
Қазіргі уақытта мердігер ұйым тарапынан арнайы техника мен жұмыс күші толық жұмылдырылып, жолдардың ескі қабатын алу, негізін тегістеу және жаңа асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүйелі түрде атқарылып жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы жол сапасын арттырып, тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз көлік қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұдан бөлек, ауылішілік бірқатар көшелерді жөндеу де жоспарға енгізілген. Атап айтқанда, А.Омаров, Қ.Сәтпаев, Т.Бегманова, Ынтымақ көшелері және өзге де ішкі жолдарға қатысты жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған.
Айта кету керек, жалпы ұзындығы 87 шақырымды құрайтын 120 көшесі бар Абай ауылында қазіргі таңда жолдардың 92 пайызы асфальтталған. Қалған көшелерді кезең-кезеңімен жаңарту арқылы аудан орталығының жол инфрақұрылымын толықтай жетілдіру көзделіп отыр. Бұл бастама ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал етпек.


