Әлеуметтік маңызы бар өнім өндірушілерге қолдау күшейеді

Oinet.kz 27-05-2026

Screenshot_1.jpg

Шымкент қаласында өткен Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерді қолдау мәселесіне ерекше назар аударылды. Жиында ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және отандық кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында қолға алынған шаралар талқыланды.

Кеңес барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі кеңейтілгені айтылды. Бұған дейін 19 атаудан тұрған тізім енді 31 өнім түрін қамтиды. Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім халық тұтынатын негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын бақылауда ұстап қана қоймай, отандық өндірушілерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Шымкент қаласы прокуратурасы басқарма басшысының орынбасары Батыр Ергешов кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қабылданған маңызды шешімдердің бірі электр энергиясына қатысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар өнім өндірушілер үшін электр қуатының тарифі төмендетілген. Егер бұған дейін кәсіпкерлер бір киловатт/сағат электр энергиясы үшін 41,06 теңге төлесе, енді бұл көрсеткіш 34,31 теңгені құрайды.

Мұндай қолдау шаралары өндіріс шығындарын азайтып, кәсіпорындардың қаржылық тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өндірілген өнімнің өзіндік құнын төмендетуге ықпал етіп, түптеп келгенде тұтынушылар үшін бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге септігін тигізеді.

Жиын барысында Кеңес төрағасы Қайрат Акенов кеңестің атқарған жұмыстары мен қол жеткізген нәтижелері туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, кеңес алаңы кәсіпкерлердің мәселелерін ашық талқылауға, мемлекеттік органдармен тиімді диалог орнатуға және бизнестің дамуына кедергі келтіретін түйткілдерді дер кезінде шешуге мүмкіндік беріп отыр.

Кездесу соңында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жауапты мекеме өкілдерінен нақты түсініктемелер алды. Ашық пікір алмасу форматында өткен жиын мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастығы арасындағы өзара сенімді нығайтып, кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешудің маңызын тағы бір мәрте көрсетті.

Кәсіпкерлер құқығы – тұрақты экономиканың кепілі
Құқықтық сауаттылық – қауіпсіз қоғамның негізі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу