«Заң мен тәртіп» – құқықтық мәдениетті қалыптастырудың тиімді тетігі

Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамда құқықтық мәдениетті нығайтып, азаматтардың заңға деген құрметін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар білім беру ұйымдарында да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соның бірі Шымкент қаласындағы №58 жалпы орта білім беретін мектепте ұйымдастырылған тәрбиелік маңызы зор кездесу болды.
7–8 сынып оқушыларының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында өткен жиын «Зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбына арналды. Кездесуді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық ардагерлер кеңесінің Шымкент қалалық филиалының төрағасы, қаржы полициясының полковнигі Серік Бейсалиев жүргізді.
Іс-шара барысында оқушыларға заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті құрметтеу және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері кеңінен түсіндірілді. Маман зорлық-зомбылықтың түрлері мен оның қоғамға тигізетін кері әсері туралы айтып, мұндай әрекеттердің адам құқығын бұзатынын және заң алдында жауапкершілікке әкелетінін атап өтті. Сонымен қатар жасөспірімдерге құқықтық мәдениеттің маңызы, өз құқықтары мен міндеттерін білу қажеттігі жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті. Оқушылар түрлі өмірлік жағдайларға қатысты ойларын ортаға салып, заң талаптарын сақтаудың маңыздылығы жөнінде пікір бөлісті. Сондай-ақ өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, тәжірибелі маманнан нақты жауаптар алды. Мұндай ашық диалог жастардың құқықтық танымын кеңейтіп қана қоймай, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінуіне мүмкіндік береді.
Құқық бұзушылықтың алдын алу ең алдымен жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырудан басталады. Заңды білу және оны құрметтеу – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың басты шарттарының бірі. Сондықтан мектеп қабырғасында өткізілетін осындай кездесулердің тәрбиелік маңызы ерекше.
Бүгінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар өскелең ұрпақтың бойында заңға бағыну мәдениетін қалыптастырып, құқықтық жауапкершілікті күшейтуге ықпал етуде. Бұл бастамалар жастарды адалдыққа, әділдікке және азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеу арқылы құқықтық мемлекет құру ісіне өз үлесін қосып келеді.


