Зиянды әдеттердің зардабы түсіндірілді

Oinet.kz 03-06-2026

5d1692947a9142bb8dfee20baf091add.jpg

Жуырда Шымкент қаласында құқықтық тәртіпті нығайту және есірткі қылмысының алдын алу мақсатында «Есірткіге жол жоқ» атты кең ауқымды ақпараттық-профилактикалық акция өтті. Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындар арасында есірткінің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, оның жарнамалануына және насихатталуына жол бермеу.

Акция барысында қала аумағындағы сауда орындары мен қоғамдық орындарда кәсіпкерлерге есірткі заттарын насихаттайтын белгілер, жазулар, киім-кешек пен түрлі бұйымдарды сатуға қатысты заң талаптары түсіндірілді. Сондай-ақ тұрғындарға есірткі жарнамасының қоғамға тигізетін кері әсері мен мұндай әрекеттер үшін қарастырылған жауапкершілік туралы ақпарат берілді.

Шараға Шымкент қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Ердәулет Садықов, Жастар ресурстық орталығының мамандары мен еріктілері қатысты. Бірлескен жұмыс барысында қала тұрғындарына есірткінің заңсыз айналымы мен оны жарнамалаудың қауіптілігі жан-жақты түсіндірілді.

Соңғы жылдары синтетикалық есірткі түрлері көбейіп, жастарды заңсыз әрекеттерге тарту фактілері жиілеген. Осыған байланысты құқық қорғау органдары жас буынның құқықтық сауатын арттыруға және оларды зиянды әдеттерден сақтандыруға ерекше назар аударып келеді. Жастарға күмәнді ұсыныстарға сенбеу, заңсыз әрекеттерден аулақ болу және салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы түсіндірілді.

Акция барысында кәсіпкерлерге есірткі жарнамасы бар өнімдерді сатуға жол бермеу қажеттігі ескертілді. Өйткені мұндай белгілердің қоғамдық ортада таралуы жастардың теріс көзқарас қалыптастыруына ықпал етуі мүмкін. Сондықтан заңсыз насихаттың кез келген түріне тосқауыл қою – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі.

Есірткіге қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әсіресе жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спортпен шұғылдануға жағдай жасау және құқықтық мәдениетті қалыптастыру маңызды.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткен мұндай профилактикалық шаралар қоғамда есірткіге қарсы мүлдем төзбеушілік көзқарасын қалыптастырып, жастардың қауіпсіз әрі салауатты өмір салтын таңдауына ықпал етеді.

Заң мен тәртіп – жас ұрпақ қауіпсіздігінің кепілі
«Автобус» шарасы – жолдағы қауіпсіздік кепілі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу