Құқықтық профилактика – қылмыстың алдын алады

Биылғы оқу жылының аяқталуы мен Халықаралық балаларды қорғау күні, сондай-ақ Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында Шымкент қаласында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған бірқатар профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Шымкент қалалық полиция департаментінің бастамасымен ұйымдастырылған кездесулерге студент жастар, білім беру ұйымдарының өкілдері және түрлі саланың мамандары қатысты.
Іс-шаралар – жасөспірімдер мен жастар арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алу, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау және өскелең ұрпақты спортпен тұрақты айналысуға ынталандыруды басты назарда ұстайды. Мамандардың айтуынша, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және қоғамдағы жауапкершілік сезімін арттыру – құқық бұзушылықтардың алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі.
Осындай мазмұнды кездесулердің бірі қалалық Политехникалық колледжде өтті. Жиын барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері студенттерге есірткі заттарының адам ағзасына тигізетін кері әсері, оның әлеуметтік салдары мен заң алдындағы жауапкершілігі жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар есірткі айналымына қатысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстар үшін қарастырылған жаза түрлері туралы нақты мәліметтер берілді.
Кездесу барысында мамандар нашақорлықтың жеке адамның денсаулығына ғана емес, отбасы мен қоғамның тұрақтылығына да зор қауіп төндіретінін ерекше атап өтті. Олар жастарды зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстап, білім мен еңбекке ұмтылуға, спортпен шұғылданып, болашаққа нық қадам жасауға шақырды.
Сондай-ақ жиында құқықтық сауаттылықтың маңызына ерекше назар аударылды. Заң талаптарын білу әр азаматтың өз құқығын қорғап қана қоймай, түрлі қауіп-қатерлердің алдын алуға мүмкіндік беретіні айтылды. Тәжірибелі мамандар өмірден алынған нақты мысалдар арқылы құқықтық білімнің қоғамдағы рөлін түсіндірді.
Ашық диалог форматында өткен кездесудің соңында студенттер өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, білікті мамандардан тұщымды жауап алды. Мұндай профилактикалық шаралар жастардың санасында дұрыс құндылықтарды қалыптастырып, олардың құқықтық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігін нығайтуға ықпал ететіні анық.


