Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда

Бүгінде Шымкент еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан ірі мегаполистердің біріне айналды. Миллионнан астам тұрғыны бар шаһар күн сайын көршілес өңірлерден келетін мыңдаған азаматтарды қабылдап, түрлі қызмет түрлерін ұсынады. Халық санының өсуі мен қала аумағының кеңеюі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне де жаңа талаптар жүктеп отыр.
Осыған байланысты құқық қорғау органдары қаладағы криминогендік жағдайды тұрақты бақылауда ұстап келеді. Қылмыс жиі тіркелетін аумақтарға жүргізілген талдау нәтижесінде патрульдік қызметтің жұмыс бағыты қайта қаралып, жаяу патрульдер саны арттырылған. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарына полиция қызметкерлерімен бірге Ұлттық ұлан сарбаздары да жұмылдырылуда. Бұл шаралардың барлығы тұрғындардың қауіпсіздігін күшейтуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды бастамалардың бірі – «Қауіпсіз ел» жобасы. Аталған жоба аясында көшелерде, қоғамдық орындарда және тұрғын үй алаптарында бейнебақылау жүйелері кеңінен енгізіліп, цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері пайдаланылуда. Заманауи бақылау құралдары құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қылмыстарды жедел ашуға және төтенше жағдайларға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, қауіпсіздік жүйесінің тиімділігі тек құқық қорғау органдарының жұмысына ғана емес, азаматтардың құқықтық мәдениеті мен жауапкершілігіне де тікелей байланысты. Заң талаптарын құрметтеп, қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысатын тұрғындар көбейген сайын қаладағы қауіпсіздік деңгейі де арта түседі.
Жиынға қатысушылар тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелерге ерекше назар аударды. Әсіресе инфрақұрылым сапасы, заңсыз құрылыс нысандары, санитарлық тазалық пен ветеринариялық бақылау жүйесінің тиімділігі жөнінде нақты ұсыныстар айтылды. Кеңес қорытындысында қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, қала инфрақұрылымын жетілдіру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында бірқатар ұсынымдар қабылданып, олар алдағы уақытта тиісті мемлекеттік органдар жұмысының басым бағыттарының біріне айналмақ.


