Жолдағы жауапкершілік – адам өмірінің кепілі

Шымкент қаласында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы мақсатта полиция қызметкерлері тұрақты түрде «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын ұйымдастыруда. Шараның негізгі мақсаты – жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыру, көлік жүргізу мәдениетін қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Іс-шара барысында қала көшелері мен республикалық маңызы бар күре жолдарда бақылау күшейтілген. Полиция қызметкерлері жылдамдық режимін бұзу, қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығу, қауіпсіздік белдігін тақпау, көлікті мас күйінде басқару және рөлде отырып ұялы телефон пайдалану сияқты өрескел құқық бұзушылықтарды анықтауға ерекше назар аударып отыр. Себебі мұндай әрекеттердің барлығы жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі саналады.
Қауіпсіз жол – қауіпсіз қоғамның негізі. Сондықтан жолдағы тәртіп пен мәдениетті сақтау әр азаматтың күнделікті дағдысына айналуы тиіс. Заң талаптарын құрметтеу, өзара сыйластық пен жауапкершілік қағидаттарын ұстану ғана қайғылы жағдайлардың алдын алып, адам өмірін сақтауға мүмкіндік береді. Жолдағы әрбір дұрыс шешім – бір адамның ғана емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігіне қосылған үлес.
Қазіргі таңда әлеуметтік желілер қоғамдағы түрлі құбылыстарды көрсететін маңызды алаңға айналды. Алайда соңғы уақытта кейбір жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған әрекеттерін бейнежазбаға түсіріп, оны мақтаныш ретінде интернетке жариялауы алаңдаушылық туғызуда.
Осы мәселеге қатысты белгілі өнер қайраткері Нұркен Иманқұлов та өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, жол мәдениеті – қоғамның өркениеттік деңгейін айқындайтын маңызды өлшемдердің бірі. Әрбір жүргізуші мен жаяу жүргінші өзара сыйластық танытып, өзгелердің өмірі мен денсаулығына құрметпен қарағанда ғана жол-көлік оқиғаларының алдын алуға болады.
«Бір сәттік тәуекел мен жауапсыздық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Жол ережесін сақтау – тек айыппұлдан құтылудың амалы емес, ең алдымен адам өмірін қорғаудың кепілі. Сондықтан әр азамат өз қауіпсіздігін ғана емес, айналасындағы адамдардың амандығын да ойлауы қажет», – деді өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында.


