Жасанды интеллект жол қауіпсіздігін күшейтуде

Цифрлық технологияларды тиімді пайдалану – заманауи қалаларды дамытудың негізгі бағыттарының біріне айналды. Осы орайда Шымкент қаласында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын цифрлық трансформациялау мақсатында ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл бастамалардың басым бағытының бірі – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жасанды интеллект технологияларын енгізу.
Бүгінде қала көшелерінде орнатылған интеллектуалды жүйелер жол қозғалысы ережелерінің сақталуын автоматты түрде бақылап, құқықбұзушылықтарды жедел анықтауға мүмкіндік беруде. Соның бірі – «Жаяу жүргіншілер өткелі» жобасы. Аталған жүйе жаяу жүргіншілер өткелдерінде орын алатын құқықбұзушылықтарды жасанды интеллект арқылы автоматты түрде тіркейді. Сонымен қатар көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірін, құқықбұзушылықтың нақты уақыты мен орнын анықтап, ақпаратты бірден дерекқорға енгізеді. Бұл адам факторын азайтып, бақылаудың тиімділігін едәуір арттырады.
Megacam.Argus жүйесінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың 20 тамызы мен 3 желтоқсаны аралығында Байтерекова көшесіндегі «Хюндай центрі» маңында 9 166 құқықбұзушылық анықталып, заң талаптарына сәйкес айыппұл салынған. Ал Рысқұлов көшесіндегі «Самал» базары маңында 25 642 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі тіркелген.
Аталған учаскелерде интеллектуалды бақылау жүйелері іске қосылғалы жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім фактілері тіркелмеген. Бұл цифрлық шешімдердің жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі тиімділігін айқын көрсетеді.
Сонымен қатар Innova Tech компаниясы әзірлеген «Ақылды жаяу жүргінші» жобасы да оң нәтижесін беріп отыр. Биылғы жылдың 24–28 наурызы аралығында Жібек жолы көшесінде 343, ал Тәуке хан көшесінде 146 құқықбұзушылық анықталған. Жүйе жүргізушілердің жаяу жүргіншілерге жол беру мәдениетін қалыптастыруға және қауіпті жағдайлардың алдын алуға ықпал етуде.
Жалпы, жасанды интеллект негізіндегі интеллектуалды бақылау жүйелерін енгізу жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттырып, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.


