Прокурор – заң үстемдігі мен азамат құқығының кепілі

Oinet.kz 13-06-2026

67.jpg

Құқықтық мемлекетте азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – прокуратура органдарының басты міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізу мақсатында Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы прокуратурасы тұрғындармен кері байланысты нығайтуға және халықтың өтініштеріне жедел ден қоюға ерекше көңіл бөлуде. Соның бірі – прокуратура басшылығы мен қызметкерлерінің азаматтарды тұрақты түрде жеке қабылдауы.

Апта сайын жұма күні сағат 16:00-ден бастап Әл-Фараби ауданы полиция басқармасының ғимаратында ұйымдастырылатын қабылдауда тұрғындардың арыз-шағымдары, өтініштері мен ұсыныстары мұқият тыңдалады. Әрбір мәселе бойынша заң талаптарына сәйкес жан-жақты құқықтық түсіндірме беріліп, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған нақты шешімдер қарастырылады. Егер заңда көзделген негіздер анықталса, прокурорлық қадағалау актілері қолданылып, заң бұзушылықтарды жоюға бағытталған ықпал ету шаралары қабылданады.

Мұндай қабылдаулардың басты мақсаты – азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыру, олардың құқықтық мәселелерін дер кезінде шешу және құқықтарының бұзылуына жол бермеу. Себебі көптеген жағдайда тұрғындар өз құқықтарын толық білмеуінен немесе заң талаптарын дұрыс түсінбеуінен түрлі қиындықтарға тап болады. Осындай кезде прокурордың кәсіби кеңесі мен құқықтық түсіндірмесі мәселенің заң аясында шешілуіне мүмкіндік береді.

Прокурор – заң талаптарының сақталуын қадағалайтын лауазымды тұлға ғана емес, азамат пен мемлекет арасындағы құқықтық тепе-теңдіктің сақталуына ықпал ететін маңызды буын. Оның міндеті – әрбір өтініштің заң аясында қаралуын қамтамасыз етіп, әділдік қағидатын орнықтыру. Сондықтан прокуратураның халықпен ашық байланыс орнатуы құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы құқықтық мәдениеттің қалыптасуына әсер етеді.

Әл-Фараби ауданы прокуратурасының азаматтарды тұрақты қабылдау тәжірибесі – тұрғындардың мәселесін уақытылы шешуге, заңдылықты нығайтуға және құқық үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама. Бұл жұмыс прокуратураның қоғам мүддесіне қызмет ететінін, ал прокурордың басты мақсаты – әрбір азаматтың заңмен қорғалатын құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз етететінін көрсетеді.

Жол қауіпсіздігі – құқық қорғау органдары мен қоғамның ортақ міндеті
Балалардың жолдағы қауіпсіздігіне байланысты жұмыстар атқарылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу