Қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудың маңызы түсіндірілді

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және заң талаптарының сақталуын бақылау – құқық қорғау органдары қызметінің негізгі басымдықтарының бірі. Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен Тәртіп» қағидаты да қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және заң үстемдігін нығайтуға бағытталған. Осыған сәйкес Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы прокуратурасы қала аумағындағы түнгі ойын-сауық мекемелерінде кезекті рейдтік іс-шара ұйымдастырды. Рейд барысында прокуратура қызметкерлері жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп бірқатар ойын-сауық орындарын тексеріп, қолданыстағы заңнаманың сақталуына мониторинг жүргізді.
Тексеру нәтижесінде бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Заң талаптарын бұзған мекеме иелері мен азаматтарға қатысты әкімшілік хаттамалар рәсімделіп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Сонымен қатар кәсіпкерлер мен келушілерге қоғамдық тәртіпті сақтау, санитариялық талаптарды орындау және қоғамдық орындардағы мінез-құлық мәдениеті жөнінде жан-жақты құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Рейд барысында ең өрескел заң бұзушылық «Социал» ойын-сауық мекемесінде анықталды. Тексеру кезінде аталған нысаннан заң талаптарына қайшы пайдаланылған 12 дана қорқор тәркіленді. Прокуратура қызметкерлері азаматтарға қоғамдық орындарда қорқор шегуге қолданыстағы заңнамада тыйым салынғанын, мұндай әрекеттердің адамдардың денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін кеңінен түсіндірді.
Мамандардың айтуынша, мұндай профилактикалық іс-шаралардың негізгі мақсаты – азаматтарды жазалау емес, заң талаптарын сақтаудың маңызын түсіндіру және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Қоғамдық орындардағы тәртіптің сақталуы әрбір азаматтың жауапкершілігіне тікелей байланысты.
Әл-Фараби ауданы прокуратурасы алдағы уақытта да «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында профилактикалық және рейдтік іс-шараларды жүйелі түрде жалғастырады. Бұл жұмыстар қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға және заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып қала береді.


