«Нөлдік төзімділік»: Тазалық пен қоғамдық тәртіпке ортақ жауапкершілік

Oinet.kz 15-06-2026

76.jpg

Шымкент қаласының Еңбекші ауданында «Нөлдік төзімділік» жобасы және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында санитариялық тазалықты сақтау, абаттандыру жұмыстарын жетілдіру және су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді аралау ұйымдастырылды. Іс-шараға аудан әкімі, аудан прокуроры, аудандық полиция басқармасы, төтенше жағдайлар басқармасы және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшылары қатысып, аудан аумағындағы қоғамдық тәртіп пен экологиялық ахуалды зерделеді.

Аралау барысында көшелердің, аулалардың, қоғамдық кеңістіктердің санитариялық жағдайы, абаттандыру жұмыстарының сапасы, сондай-ақ су айдындарында қауіпсіздік талаптарының сақталуы жан-жақты қаралды. Қатысушылар тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, рұқсатсыз қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеу және экологиялық мәдениетті арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті.

Жиын барысында жауапты мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіру, профилактикалық рейдтерді жүйелі өткізу, санитариялық талаптардың орындалуын тұрақты бақылау және құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктерін жетілдіру мәселелері талқыланды. «Нөлдік төзімділік» қағидаты кез келген заң бұзушылыққа дер кезінде құқықтық баға беруді және қоғамдық тәртіпті сақтауға барлық тараптың жауапкершілікпен қарауын көздейді.

Аралау барысында белгіленбеген орынға құрылыс қалдықтарын төгу дерегі анықталды. Құқық бұзушыға қатысты қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Бұл – қоршаған ортаға немқұрайлы қарауға және қоғамдық тәртіпті бұзуға жол берілмейтінін көрсететін нақты құқықтық шара.

Тазалық мәселесі тек коммуналдық қызметтердің міндеті емес. Қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық орындарды таза ұстау және табиғатқа ұқыпты қарау – әрбір азаматтың ортақ борышы. 

«Нөлдік төзімділік» жобасы аясында қолға алынған мұндай іс-шаралар қоғамдық тәртіпті нығайтуға, экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алуға және тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруға қызмет етеді.

«Қауіпсіз ел»: Жолдағы тәртіп – адам өмірінің кепілі
«Нөлдік төзімділік»: Тазалыққа немқұрайлыққа жол жоқ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу