Профилактикалық рейд қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталды

«Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында Шымкент қаласының Қаратау ауданында құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және тұрғындардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында кешенді профилактикалық рейд ұйымдастырылды. Іс-шара Қаратау ауданы прокуратурасының бастамасымен өткізіліп, оған полиция қызметкерлері мен өзге де жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Рейдтің негізгі мақсаты – қоғамдық орындарда заң талаптарының сақталуын бақылау, құқық бұзушылықтардың жолын кесу, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру болды. Осы бағытта қоғамдық тамақтану орындары, ойын-сауық мекемелері және азаматтар көп шоғырланатын өзге де нысандар тексеріліп, олардың қызметінің қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігі зерделенді.
Профилактикалық іс-шара барысында кәсіпкерлер мен тұрғындарға қоғамдық тәртіпті сақтау, заң талаптарын қатаң орындау және құқық бұзушылықтарға жол бермеу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар заң талаптарын сақтау тек әкімшілік жауапкершіліктен сақтанудың ғана емес, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды шарты екенін атап өтті.
Рейд нәтижесінде қолданыстағы заңнама талаптарын бұза отырып пайдаланылған кальян (қорқор) өнімдері анықталып, белгіленген тәртіппен тәркіленді. Түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз қоғамдық орындарда жүрген кәмелетке толмағандар анықталды. Бұл деректер бойынша жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тиісті шаралар қабылданды.
Анықталған құқық бұзушылықтарға байланысты кәмелетке толмағандардың ата-аналары немесе заңды өкілдері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құзырлы органдар ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау, олардың бос уақытын бақылауда ұстау және заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын түсіндірді.
Қаратау ауданы прокуратурасы мұндай профилактикалық іс-шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алудың, қоғамдық тәртіпті нығайтудың және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді тетігі екенін атап өтті.


