Тарих тағылымы – тәртіп пен отаншылдықтың негізі

«Заң мен Тәртіп» қағидатын ілгерілету аясында Шымкент қаласы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері қалалық тарихи-өлкетану музейіне барып, өңірдің бай тарихы мен мәдени мұрасымен танысты. Танымдық экскурсияның негізгі мақсаты – жеке құрамның тарихи санасын қалыптастыру, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру және патриоттық тәрбиені нығайту болды.
Экскурсия барысында музей мамандары қатысушыларға көне дәуірден бастап бүгінгі тәуелсіз Қазақстан кезеңіне дейінгі тарихи оқиғалар мен өңірдің даму жолын баяндайтын құнды жәдігерлер туралы жан-жақты мәлімет ұсынды. Арнайы жасақ қызметкерлері археологиялық қазбалардан табылған сирек бұйымдарды, этнографиялық мұраларды, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін экспонаттарды және ел тарихындағы маңызды кезеңдерді айғақтайтын құжаттар мен тарихи заттарды тамашалады.
Музей қорындағы құнды экспозициялар арқылы қатысушылар туған өлкенің өткенімен тереңірек танысып, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі, рухани мұрасы мен ұлттық құндылықтары туралы білімдерін толықтырды. Сонымен қатар ел тәуелсіздігі жолындағы тарихи оқиғалар, мемлекет қалыптастыру кезеңдері және елдің дамуына үлес қосқан тұлғалардың өмірі мен қызметі жөнінде кеңінен мағлұмат алды.
Мұндай мәдени-танымдық кездесулер құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби даярлығын рухани құндылықтармен ұштастыруға мүмкіндік береді. Себебі заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында қызмет атқаратын мамандардың тарихи санасының берік, отансүйгіштік рухының жоғары болуы қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезінуге ықпал етеді. Тарихын құрметтеген адам елдің бүгіні мен болашағына да бейжай қарамайды.
Іс-шара соңында қатысушылар музей ұжымына мазмұнды экскурсия үшін алғыстарын білдіріп, мұндай кездесулердің жас буынның ғана емес, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің де рухани дамуына оң әсер ететінін атап өтті. Жалпы, «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған мұндай тағылымдық шаралар тарихи жадыны жаңғыртып, ұлттық бірегейлікті нығайтуға, сондай-ақ құқық қорғау саласы қызметкерлерінің патриоттық рухын күшейтуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.


