Дінде де заңның маңызын зор

Қоғамның тұрақтылығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде діни сауаттылықтың маңызы зор. Әсіресе жат діни ағымдардың ықпалына түсу мен кереғар діни идеологиялардың таралуының алдын алу – заң мен тәртіпті нығайтудың маңызды бағыттарының бірі.
Осыған орай, Абай саябағында «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Сымбат Сейітханның қатысуымен қала тұрғындарына арналған түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындарға жат діни ағымдардың белгілері мен қауіптілігі туралы ақпарат беріп, олардың теріс идеологияның ықпалына түсуінің алдын алу.
Кездесу барысында маман діни ақпаратты кез келген дереккөзден қабылдамай, оның шынайылығына көз жеткізудің маңыздылығын түсіндірді. Әсіресе әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде таралатын күмәнді діни материалдарға сақтықпен қарау, дін мәселелерінде білікті мамандардың пікіріне жүгіну қажеттігі айтылды.
Түсіндіру жұмыстары кезінде қала тұрғындарына арнайы ақпараттық және жадынамалық парақшалар таратылып, онда теріс діни ағымдардың қоғамға тигізетін зияны мен олардың ықпалынан сақтану жолдары қамтылды. Тұрғындар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды.
Жат діни ағымдардың басты зияны – адамның санасына әсер етіп, оның дүниетанымын бұрмалауында. Әсіресе өмірлік тәжірибесі аз жастар жалған ақпарат пен арандатушы үндеулерге тез сенуі мүмкін. Интернет пен әлеуметтік желілердегі тексерілмеген діни материалдар мұндай ықпалдың таралуына жағдай жасайды. Сондықтан кез келген ақпаратқа сыни көзқараспен қарап, дін мәселесінде білікті мамандардың кеңесіне жүгіну маңызды.
Жат діни ағымдардың алдын алу тек жекелеген мекемелердің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Діни сауатты, құқықтық мәдениеті жоғары азамат қана түрлі арандатушылық пен жалған идеологияға қарсы тұра алады.
Сондықтан мұндай профилактикалық шаралардың мәні зор. Өйткені заңды құрметтеу, діни толеранттылықты сақтау және қоғам тыныштығына жауапкершілікпен қарау – «Заң мен тәртіп» қағидатының берік негізі. Ал бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау әр азаматтың саналы ұстанымынан басталады.


