Заң орындалса – азаматтың құқығы қорғалады

Сот шешімінің әділ әрі уақытылы орындалуы – құқықтық мемлекеттің маңызды көрсеткіштерінің бірі. Өйткені сотта жеңіп шыққан азамат үшін шешімнің қағаз жүзінде қалмай, іс жүзінде орындалуы аса маңызды. Осы бағытта Шымкент қаласының Әділет департаменті атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін арттырып, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл туралы департамент басшысы Айнұр Исабекова баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Президент қол қойған «Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша» заң сот актілерін уақытылы орындауға, өндіріс барысының ашықтығын арттыруға және сот орындаушылары қызметінің сапасын жақсартуға бағытталған.
Жаңа заңнамалық тетіктердің қатарында мерзімі өтіп кеткен атқарушылық құжаттар бойынша мәжбүрлеп орындату шараларын автоматты түрде тоқтату, оңайлатылған атқарушылық іс жүргізудің аясын кеңейту және жеке сот орындаушыларын аттестаттау бар. Сонымен қатар олардың қызметіне бақылау күшейтіліп, азаматтардың сот орындаушы әрекеттеріне шағымдану мүмкіндігін жетілдіретін міндетті сотқа дейінгі тәртіп енгізілді.
Атқарушылық іс жүргізу саласында цифрландыру да қарқын алып келеді. Соның бір мысалы – «Робот-сот орындаушы» жүйесі. Ол қарапайым санаттағы өндірістерді автоматты түрде орындауға мүмкіндік беріп, мамандардың уақытын үнемдейді және азаматтарға көрсетілетін қызметті жеделдетеді.
Тағы бір маңызды құрал – «Тараптар кабинеті». Оның көмегімен өндіріп алушы да, борышкер де атқарушылық істің барысын онлайн бақылап, сот орындаушысына электронды өтініш жолдап, қабылданған шаралар туралы ақпарат ала алады.
Цифрлық сервистердің басты артықшылығы – азамат пен сот орындаушы арасындағы байланысты жеңілдетуінде. Бұрын ақпарат алу үшін мекемеге бару қажет болса, қазір көптеген әрекетті қашықтан орындауға мүмкіндік бар. Бұл ашықтықты арттырып, бюрократиялық кедергілерді азайтады.
Әлеуметтік маңызы жоғары бағыттардың бірі – алимент өндірісі. Бұл салада борышкерлерді жұмыспен қамтуға арналған шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Себебі алиментті өндіру – тек қаржылық міндеттемені орындау емес, баланың заңмен қорғалған мүддесін қамтамасыз ету.


