Мемлекеттік көмек әперемін деп 3 млн теңге алған алаяқ қолға түсті

Oinet.kz 27-03-2020

алаяк.jpeg

Полиция тұрғындарды таныс емес белгісіз азаматтарға ақша бермеуге, иесіне ғана қатысты банкомат карточкаларының құпия сөздерін айтпауға, сақ болуға шақырады. Өйткені елдің сеніміне кіріп, алаяқтықпен ақша жымқырғандар азаймай тұр. Соның бірі Түлкібас ауданында қолға түсті, деп хабарлайды RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі Түркістан облысы Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Түлкібас аудандық Полиция бөліміне бір әйел арызданады. Оның айтуынша, өзіне жақын таныс емес азамат, алаяқтық жолмен алдап, сеніміне кіріп, торға  түсірген. Яғни, мемлекеттік бағдарлама арқылы бір реттік көмек алып беремін деп, өзімен қоса бірнеше туыстарынан барлығы 250 мыңнан астам теңгені жинап алған. Алайда, ешқайсысы ешқандай жәрдемақы алмаған.

Бұдан бөлек, аудандық полиция бөліміне осыған ұқсас қылмыстың құрбаны болып, аталмыш алаяқтан алданғандарын айтып, бірнеше тұрғын шағым түсірген. Осы жайттар сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша  тіркелді.

Түлкібас ауданының полицейлері тұрғындарды алдап, ақшаларын алып кеткен алаяқты қолға түсіріп, қылмысты ашу мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Қажетті деп танылған барлық іс-шараларды жүзеге асырды. Жәбірленушілерден жауап алу барысында, күдіктінің жеке-басын анықтады, мұқият тексеру жұмыстары жасалды. Нәтижесінде ақпарат көздері арқылы полицейлер күдіктіні Шымкент қаласындағы көшелердің бірінен ұстады. Ол Шымкент қаласының тұрғыны, бұрын да осы «Алаяқтықпен» сотты болғаны белгілі болды.

Тергеу барысында анықталғандай, ол тұрғындардың сеніміне кіру арқылы, осындай істермен айналысып, бір реттік көмек алып беремін деп, алдап жүрген. Қазірдің өзінде осы қылмыстық іс бойынша 30-ға жуық жәбірленуші аталмыш азаматтың атына арыз беруде. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен 3 миллион теңгеге жуықтаған. Тәртіп сақшылары қамауға алынған күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау үстінде.

Жоғарыда аталған қылмыстардың барлығын бір адам жасағандықтан, қылмыстық істер біріктіріліп, «Алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері 17 мың көлік пен 44 мың жолаушыны тексерді
Қашып жүріп екі үйге ұрлыққа түскен күдікті ұсталды

Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×