Темірғали Көпбайдың шығармашылық кеші Түркістанда төрінде өтті

Oinet.kz 11-11-2022 234

2-1-2.jpg

Түркістан өңірінен шыққан талантты да дарынды тұлғалар қашан да ел ішінде көш бастап жүр. Арысы тарихтан белгілі болса, берісі қазіргі қоғам үшін аянбай тер төгуде. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, филология ғылымдарының кандидаты, баспагер, ақын Темірғали Көпбай да елге сыйлы азамат.

Түркістан облысы мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Farab» кітапханасында ақын Темірғали Көпбайдың 60 жасқа толуына орай «Жырым еліммен бірге» атты кездесу кеші өтті. Әдеби шараға Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы, сыншы, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек, ақынның досы, сатирик-жазушы Ермахан Шайқы, «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев, облыстық мәслихат депутаты, Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай, Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музейі-қорығының директоры, ауған соғысының ардагері Жангелді Махашев, зиялы қауым өкілдері, бір топ оқырман қатысты.

Тағылымы мол кешті Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, ақын Айдар Сейдазым жүргізді.

image.jpg

Кешке жиналған қауым алдымен қарымды қаламгердің өмірінен сыр шертетін бейнетуындыны тамашалады. Шығармашылық өміріне куә болған зиялы қауым өкілдері өз естеліктерімен бөлісті. Содан соң Құлбек Ергөбек пен Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев ақынның «Сабан ақша» атты жаңа кітабының тұсауын кесті.

– Алла маған ерекше бақ берген екен. Қадір мен Тұманбай ағамыз сияқты қазақтың біртуар ірі тұлғаларымен бірге жүруді нәсіп етті. Елге төнген пандемия жылдары ақындықпен қоса прозаға бет бұрып, бастан кешкен және қоғамдағы көзбен көрген дүниелерді жазуға кірістім. Нәтижесінде жарық көрген жаңа кітабымды елге алып келіп, тұсауын кесуді жөн санадым, – дейді ақын Темірғали Көпбай.

Шара барысында ақынның өлеңдері оқылды. Кеш қонақтары мерейтой иесіне жылы лебізін білдіріп, иығына шапан, ақынның жарына орамал жапты.

Темірғали Көпбай 1962 жылы 7 ақпанда Түркістан облысы, Төлеби ауданының Аққұм ауылында дүниеге келген. Елге ақындығымен танылған сегіз қырлы бір сырлы азамат 2001 жылдан бастап көрнекті ақын-жазушылар мен ғалымдардың көптомдықтарын шығаруға бағытталған Алматы қаласындағы «Қазығұрт» баспасының президенті. Әдеби-шығармашылық, журналистік-публицистік, ғылыми-педагогикалық және баспагерлік қызметті қатар алып жүрген дарынды тұлға. Темірғали Көпбай биыл 60 жасқа толып отыр.


Балалар би байқауы өтті
Мемлекеттік қызметшілер спартакиадада сайысты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу