Түлкібаста «Алпысбайдың – алпыс әзілі» өтті

Oinet.kz 14-11-2022 452


Түлкібас аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық жүлделердің иегері, әзіл-сықақ кітаптарының авторы, Түлкібас ауданының құрметті азаматы Алпысбай Боранбаевтың шығармаларын, сықақтарын дәріптеу, әзіл-қалжыңға жақын өнерпаздардың шығармашылығына бағыт-бағдар беру мақсатында «Алпысбайдың – алпыс әзілі» атты облыстық әзілкештер байқауы өтті.

Түркістан облысы мәдениет басқармасы мен Түлкібас ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен байқауға облыс көлеміндегі аудан, қалалардан әзілкеш ұжымдар мен жеке өнерпаздар қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Үміткерлер екі кезең бойынша, атап айтқанда Алпысбай Боранбаевтың  авторлық шығармаларынан қойылым (интермедия, скетч, комедиялық қойылым) және өз қалауы бойынша қалаған сықақшылардың шығармаларынан (жеке немесе топ) орындау (пародия, монолог сықақ тағы басқа) бойынша сайысты.

Әділ қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды Шардара ауданының  «Шардара халық театры» иеленді. Екінші орын Келес ауданының «Күлдір-МІХ» әзіл-оспақ отауына бұйырды. Ал, Төлеби ауданынан Ахметова Дильназ бен Түлкібас ауданынан Тамара Бейсенбайқызы жүлделі үшінші орынның иегерлері атанды. Түлкібас ауданы әкімінің арнайы жүлдесі Бәйдібек ауданынан Ташимбетов Ерланға бұйырса, Алпысбай Боранбаев атындағы арнайы жүлдені Түлкібас ауданының тұрғыны Байжұма Бақытжан иеленді.

Шара соңында «Халықты күлдіру тау басына жүк арқалап шыққанмен тең. Осындай ауыр жүкті арқалап келген әзілкештерімізге шығармашылық шабыт тілеп, алғыс білдіреміз» деді ұйымдастырушылар. Содан соң барлық жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды. 


Түркістанда түсірілген жаңа фильм көрерменге жол тартты
Мархабат мақамдары...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу