«Ерте үзілген моншақ» іс- шарасы өтті

Oinet.kz 09-11-2022 415

image.png

«Ep eciмi – ел есінде!». Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік жасаған қаһармандар қатарында нәзік жандылар да аз болмады. Солардың бірі – аты тарихымызда алтын әріптермен жазылған Мәншүк Мәметова. Биыл ер мінезді батыр кыздың туғанына – 100 жыл толды. Осыған орай, Келес ауданындағы Ақтөбе ауылдық округі Жаңа дәуір елді мекенінде орналасқан   №36 Мәншүк Мәметова атындағы мектепте ауқымды іс-шара болып өтті. 

Жиынның негізгі мақсаты оқушылар арасында патриоттық сезмді нығайту, Отанға, елге, жерге деген құрмет пен махаббатын арттыру болып табылады. Шараға қатысып отырған оқушылардың бойындағы отаншылдық сезімнің қаншалықты жоғары екенін бірден байқауға болады. Себебі олар біріңғай әскери киім киіп, бойларын тік ұстап, батыр қыздың рухына құрмет көрсетіп тұр. Ал жиынға қатысқан Келес аудандық Адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі балаларға осындай тәрбие беріп отырған ұстаздарға сәттілік кітлеп, ізгі лебізін жеткізді. 

«Кеңес Одағының батыры, қазақтың қайсар қызы Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына арналған іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Осындай тәрбиелік мәні жоғары шаралардың балаларға берері мол. Осындай шаралардың арқасында балалар тарихқа үңілет отырып, тұлғаларымызға құрмет көрсетуді үйренеді. »,- дейді Келес аудандық Адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлназ Қасымбекова. 

Ашылу салтанатынан соң Гүлназ Қасымбекова мен аталмыш мектептің директоры Мәншүк Мәметованың мүсініне гүл шоқтарын қойды. Олардың артынан патриоттық сезімі оянған оқушылар ілесті. 

Жиын мұнымен шектелген жоқ. Білім ордасында батыр қыздың ерлігін еске алып, оны кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында сурет көрмесі, интеллектуалды ойындар, ашық сабақтар, тәрбие сағаттары да ұйымдастырылған.

«Қазақтың қайсар қызы Мәншүк Мәметованың 100 жылдық мерейтойына орай мектепте «Ерте үзілген моншақ» деген іс-шара өткізіп жатырмыз. Іс-шараның негізгі мақсаты келешегіміз – балаларымызға патриоттық тәрбие беру, Мәншүктің батырлығын дәріптеу. Өзінің жастығына қарамай  ерлік жасағаны біздің оқушыларға үлгі болса деймін.  »,- дейді №36 Мәншүк Мәметова атындағы мектептің директоры Айна Тахирова. 

Жиынның «Ерте үзілген моншақ» деп аталуы да бекер емес. Анасы еркелетіп Моншағым дей бергеннен Мәнсияның тілі келмей өзін Мәншүк деп кеткен. 

Ерліктің қос қанатына баланған тұлғаның бірі – Мәншүк Мәметова 1922 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында дүниеге келген. Қылығы тәтті үш жасар Мәншүкті әкесінің перзент сүйе алмай жүрген інісі Ахмет асырап алғысы келетіндігін айтып өтініш жасайды. Ата-анасы баласын  қимағанымен қыздарының қалада оқып, болашағы жарқын болғанын қалайды. Осылайша қазақтан шыққан алғашқы дәрігер – Ахмет Мәметов жұбайы Әминамен Мәншүкті Алматыға алып кетеді. Батыр қыз балалық, жастық шағында Әмина Мәметованың тәрбиесін көреді. Тегін ауыстырған Мәншүк 1931-1938 жылдары Алматы қаласындағы №28 мектепте білім алады. Кейіннен әке жолын қуып, медицина институтына оқуға түседі. 1937 жылы дәрігер Ахмет Мәметов «халық жауы» деген айыппен қамауға алынады. «Менің Мәншүгімді ренжітпе, аман сақта», - деген екен Ахмет әйеліне айтқан соңғы сөзінде. Жайсыз оқиғадан кейін Мәншүктің анасы Әминаның да басқан ізі аңдулы болып, соғысқа дейінгі жылдары көп қиындық көреді. Тұрмыстары төмендеп кеткеннен кейін ол Халық комиссарлар кеңесінің денсаулық сақтау бөлімінде хатшы-машинист қызметін атқарады. Жұмыстан бос кезінде жалпыға міндетті соғыс өнерін үйрену сабақтарына қатысып, қару-жарақтың барлық түрін меңгеруге күш салады.

1942 жылы тамызда ол өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты.

Аға сержант, пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің мергендігімен және тобында батылдығымен көзге түсті. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста Мәншүк ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты. 

Одан бөлек ұстаздар мен оқушылар үшін концерттік бағдарлама да ұсынылды. Концертте білім ордасының өнерлі шәкірттері сұрапыл соғыс жылдарынан сахналық көріністер қойып, патриоттық әндерді шырқады. 

Айта кетейік, батыр қыздың есімі  білім ошағына 1959 жылы берілген. Мұнда Мәншүк Жиенғалиқызының өмірінен сыр шертетін мұражай да ашылған. Мектеп директорының айтуынша оқушылар осы мұражайға кіріп қаһарман қыздың ерлігін өзіне өнеге етіп жүреді екен. 

Түркістан өңіріндегі қоғамдық-саяси ахуалдың жай-күйі талданды
Биыл Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу