Жас ақын Жамбыл Түркістан жұртын жырмен сусындатты

Oinet.kz 16-11-2022 250

image.png

Жастайын жыр жазып, өлең өлкесінде танылған Жабыл Дүйсенов рухани астанамыз киелі Түркістан қаласында шығармашылық кешін өткізді. Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының концерт залында  өткен  шығармашылық кеш «Тәуелсіздігім-тұмарым, бірлігім-ұлы ұраным» деп аталды. 

 “Бала Жамбыл” атымен көпшілікке танылған жас ақын, Республикалық жыр бәйгелерінің жеңімпазы Жамбыл Дүйсеновтың жыр кешіне жиналғандардың қарасы қалың болды. 

Түркістан облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен әдеби кештің шымылдығын Түркістан қаласының ардагерлер алқасының төрағасы, «Ы.Алтынсарин» төс белгісінің иегері,Түркістан қаласының құрметті азаматы Құлбайымбетов Жарқынбек ашып, жас ақынға батасын берді. 

Одан соң сөз алған Түркістан облыстық мәдениет басқарма басшысының орынбасары Темірхан Асылхан ізгі тілегін білдіріп, облыс әкімінің арнайы құттықтау хаты мен сый-сияпатын табыстаса, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Оразбеков Байдулла Түркістан жұртшылығының атынан алғысын білдірді.

4 бөлімнен тұратын жыр кешінде Жамбыл ақын өзінің балаң өлеңдерінен бастап, отаншылдық бағыттағы туындыларын оқып, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Кеште облыстық филармония әншілері өнер көрсетіп, жас ақынның Түркістандық оқырмандары ерекше ықыластарын білдірді.

 Жас ақын мұның алдында Түркістан қаласындағы №2 «Хамза» атындағы жалпы орта мектебінде де жыр кешін өткізген болатын.  Небәрі 7 жасында-ақ шығармашылық кешін өткізіп, елдің ыстық ықыласына бөленген жас ақынды Түркістан жұртшылығы ерекеш ілтипатпен қарсы алып, өнеріне қошемет білдіріп жатты. Жамбыл Дүйсенұлының мектеп жасында жазған өлеңдерінің басым бөлігі патриоттық бағытта жазылған. Бүлдіршін кезінде ақ елге танылған өнер иесі үлкен сахналарда жыр маржанын таудай талабымен таңдандырған ақын. Қазақстанның рекордтар кітабына енген. «Періште тілек» атты тұңғыш өлеңдер жинағы 2012 жылы жарық көрген. «Жыл ақыны» деген атақты бірнеше рет алған. Үш медалі бар. Олар Жамбыл Жабаевтың 165 жылдығына, Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына және Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдық мерейтойына орай берілген. Зеректігінің арқасында мектепті ерте бітіріп, жоғарғы оқу орнын да үздік тәмамдап шыққан ол «Хамза» мектебіндегі кездесуде жоғары деңгейде өтіп мектеп ұжымын ерекше шаттыққа бөледі. Осы орайда сөз алған қара шаңырақ білім ордасының басшысы жас ақынға өз алғысын білдірді. Мұндай шаралардың жастарға берері мол екендігін жеткізді.

 «Сүп-сүйкімді, кішкентай Жамбылды теледидардан тамсана көруші едік. Ал енді міне, жігіт Жамбыл алдымызда тұр. Осындай керемет кештің куәсі болғаныма өте қуаныщтымын. Оқушыларымыз осы кеште үлкен әсер алып, мол тағылым,  рухани азық алып, көпшілігінің бойында шабыт оянды деген ойдамын. Бір ғасырдан астам тарихы бар біздің мектептен де осындай ақындар шыққан. Жамбыл қазақ еліне Алладан берілген үлкен сый деп білемін. Жас ақынымызды Алла тіл көзден сақтасын. Жамбылдың жасын берсін»,- деді Түркістан қалалық адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты «Хамза» атындағы №2 жалпы орта мектебінің директоры Дильбар Дийметова.

Түркістандық жастармен қауышқан ақын  Жамбылдың да кештен алған әсері ерекше.

«Бауыржан бабамыз айтқан екен: Адам болу қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз деп». Сондықтан да бүгінгі кешімнің ең негізгі мақсаты өзімнен кейінгі іні-қарындастарыма, халқымызға өлеңмен рух беріп, жырмен сусындатып, еліміздегі татулықты сақтауға, тәуелсіздігіміздің баянды болуына, отансүйгіш ел патриоты болуға үндеу. Осы кештен алған әсерім өте жоғары болды десем де болады. «Хамза» атындағы киелі босағаның ұжымына, оқушыларға үлкен алғысымды білдіремін. Халқым Жамбылдың бозбала шағын көзайым болсын деп кешімді Қазақстанның түкпір-түкпірінде өткізу мақсатым бар»,- дейді Жамбыл Дүйсенов. . 

Айта кетейік, ақын бұл шығармашылық кештерін Тәуелсіздік күніне арнап отыр. 

Сан түрлі сала мамандары сайысқа түсті
«Түркістаным – тұраным» байқауының жүлдегерлері марапатталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу