Тәуелсіздікпен құрдас оқу ордасы

Oinet.kz 23-11-2022 169

image.png

Биыл Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне 30 жыл толды. Оқу орны үшін айтулы мерейтойды атап өту былтырдан бері қолға алынып, түрлі деңгейдегі ауқымды іс-шаралар өткізіліп келеді. Университет ұжымы Түркістанның төрінде кең көлемде гала-концерт ұйымдастырып, жыл көлемінде істелген жұмыстардың нүктесін қойды. 

Ахмет Ясауи университеті бауырлас Түркия Республикасымен бекем ынтымақтастық нәтижесінде түркі әлемінің ортақ білім-ғылым шаңырағына айналды. Сондықтан да университет тарихындағы маңызды шараны бірге атап өту үшін Қазақстан мен бүкіл түркі әлемінен қонақтар қатысты. ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Түркия Республикасының Шетелдік түріктер және бауырлас ұлттар басқармасының төрағасы Абдуллах Ерен, Түркі мемлекеттері ұйымы бас хатшысының орынбасары Өмер Қожаман, Түркістан облысының зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ түркі әлемі мен қазақстандық университеттің басшылары, университет ұжымы, түлектер мен студенттер жиналды.

Іс-шара аясында «Университет жетістіктері» көрмесі ұйымдастырылып, онда университеттің 30 жылда жеткен жетістіктері, ғылыми өнертабыстары, қоғамға пайдалы болу мақсатында жасаған жобалары, студенттердің шығармашылық еңбектері көрсетілді. 

Ал негізгі гала-концерттің шымылдығын университет ректоры Жанар Темірбекова мен ректор өкілі Женгиз Томар ашып, жиналған көпшілікке ерекше алғысын айтты. Оқу орны басшылары 30 жыл жүріп өткен белестегі негізгі дүниелерді тілге тиек етті. 

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Түркістанның рухани орталық болуына Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың үлесі мол. Ал осындай ойшыл, ғұламаның атын иеленген университет Түркістанның ғана емес, барлық Түркі елдерінің мәдениетіне, білім мен ғылым саласының дамуына зор үлес қосып келеді», дей келе ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. 

Ал іс-шараға арнайы келген ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев университеттің еліміздегі білім мен ғылым саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқанын айтып, министр Саясат Нұрбектің арнайы құттықтауын жеткізді.

«Бұл университетті тәуелсіздігіміздің жаршысы, бауырлас түркі елдері арасындағы берік ынтымақтастықтың нышаны деп білемін. Заман талабына сай дамып, түркі тілдес ұлттардан жиналған жастарға дәйекті білім беріп, тәрбиелеп, сара жолға салған, өзіндік брэнді қалыптасқан оқу орны 30 жыл ішінде өте биік табыстарға қол жеткізді», деп жазған құттықтау сөзінде Саясат Нұрбек.

Бұдан соң оқу орнының басшылары бір топ мемлекеттік органдардың басшыларына университеттің 30 жылдық арнайы төсбелгісін табыстады. Ал халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы университетке еңбегі сіңген оқытушылардың кеудесіне Ахмет Байтұрсынұлы атындағы медальді тақты.

Шара әрі қарай мерекелік концертке ұласып, университет студенттері мен оқытушылары «Қожа Ахмет Ясауи» қойылымын сахналап, жиналған көпшілікке әндер мен билерден шашу шашты.

Науқанға өнерпаздар да ат салыспақ
Құсбегілерге құрмет көрсетілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу