Дархан МЫҢБАЙ: Шерағаң қанша талапшыл болса, соншама мейірімді, қайырымды жан еді

Oinet.kz 14-12-2022 426

image.png

Шерхан Мұртазаның жазушы, журналист, мемлекеттік қайраткер ретінде атқарған еңбектерін, әдеби-публицистикалық мұрасын дәріптеу, тағылымы мол өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатын көксеген  

«Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің  қолбасшысы» атты  Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған 

халықаралық симпозиумда көптеген қаламгерлер Ш.Мұртаза жайлы еңбектерін ұсынған болатын.  Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай Шераға туралы толғанысын былайша жеткізді:

Көзі тірісінде көптің сенімін арқалаған Шерхан МҰРТАЗАНЫҢ бүкіл ғұмыры қайраткерлік қарымына, қасиетті қаламына байланысты болғаны белгілі. Журналист ретінде сан түрлі жолсапарға шығып, қаншама тағдырға араша түсіп,  беймаза өмірдің қиыр-шиырын таныса, одан кейін қажырлы шығармашылығы, жазған кітаптары таудай тауқымет тартқызып, атақ-абыройға бөлеген жазушылығы өз алдына бір төбе еді.

Тіпті, бір белесте қызметінен шеттетіп жатқанда:

“Қызмет деген не? Тәйірі, Төлегеннің ақ боз аты сияқты, аттан аударып тастайды да, екінші біреу әрі қарай шауып кете барады. Ал менің қолымдағы қаламымды Құдайдан басқа ешкім тартып ала алмайды”, - деп алқалы жиында айтып салғанын естігенбіз. 

Жазушының дербестігі, тәуелсіздігі деген осындай-ақ болсын. Басқа біреу бала-шағасының болашағын ойлап, енді біреуі жұмсақ креслоны қимай, ертеңгі күнін ойлап күмілжіп, іштей кіжініп жүргенде ол өжет мінез көрсетті, өз қадыр-қасиетін аяққа таптауға жол бермеді. 

Себебін сұрағандарға:

“Барымыз сол, Құдай жаратқан мінезіміз бар, оны қалай сылып тастайсың?..” деп қысқа қайырған-ды. 

Бүгінде Ш.МҰРТАЗАНЫҢ Парламентте айтқан мірдің оғындай сөздері ауыздан ауызға көшіп жүргені де өтірік емес. Егер ол қызметтің немесе депутаттық лауазымның көлеңкесінде жүрген жазушы болса, елдің есінде, халықтың жадында қалар ма еді?

Мұндайда сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің:

“…Алғыр тіл күн шалмағанды шалады, қараңғы көңілге сәуле бере алады, суық көңілді жылыта алады” немесе “Қанатты сөз халық үстінде қалықтайды, қанатсыз сөз үй маңынан ұзамайды” деген тағылымы ойымызға оралады. 

Шындығында, халықтың көкейіндегісін дөп басып, оны билікке жеткізуде Шерхан МҰРТАЗА ең әуелі өзінің сайлаушыларына арқа сүйеді. Азамат ретінде, депутат ретінде популизмге жаны қас болды. Сондықтан, қандай қауымның алдында болса да оның мысы басып тұратын. Ол қанша талапшыл болса, соншама мейірімді, қайырымды жан еді.

Сондай даңққа бөленген Шерхан МҰРТАЗА тірі болса биыл тоқсанға келер еді. Өзі жоқ болса да ел-жұрты, туған жері халық жазушысына арналған мән-мағынасы бар іс-шаралар түзіп, лайықты құрмет көрсете білді. Оған еліміздің әр өңірінен, шалғай түкпірінен келіп қатысқан ақын-жазушылар, қарапайым адамдар куә болды. Шерхан МҰРТАЗА атын иемденген оқу орнында арнайы оқу-зерттеу орталығы есігін ашты, зәулім ғимарат алдындағы алаңға қайраткерге ескерткіш орнатты. Ол тау тұлғаның бейнесіне ғана емес, намысқа, қайсарлық пен қарапайымдылыққа, ақиқат пен әділдікке, ащы шындыққа арнап қойылғандай. 

Жалпы, суретшінің ескерткіші - өзі салған суреті, мүсіншінің ескерткіші - оның жасаған мүсіні. Жазушының ескерткіші - оның жазған шығармасы. Ал халықтың мұңын жоқтаушының, нағыз қайраткердің образы халықтың жадында, айтқаны ел аузында болады. Аты-жөні жүректе жатталып, есімі мәңгі сақталады. Шерхан МҰРТАЗА байсалды жазушы, мінезді редактор болды. Өзінің сөзімен айтқанда, Құдай берген мінезіне сай болды. Ол турасын айтып жақпайтынын білмей қалған жоқ. Бірақ жаратылысынан, табиғатынан, ата-ана тәрбиесі мен өмірлік ұстанымынан айнымады. 

Оның тағы бір ерекшелігін айтуға тиіспіз. Бүгінде біреудің жасаған жақсылығын айтпайды айта алмайды немесе айтпай, іркіп қалады. Ал ол әр кезде өзі көрген, шарапаты тиген Ғабит, Тахауи, Қалтай, Өзбекәлі  ағаларын ардақтап, аттарын ерекше атап, тасқа жазып қалдырды. Тіпті, ең соңғы тәбәріктей кітабын “Бір кем дүниені” жазу идеясын берген айтулы  азамат, 99 жирен қасқа әфсанасын айтып берген қоғам және мемлекет қайраткері  Өмірбек Байгелдіге де ризашылығын жазып, туындыны сол кісіге арнағанын ел біледі. Міне, абыройдың, атақ-даңқтың өзі осындай өнегелі іспен дәлелденсе керек.

Қазақ баспасөзінің қара нары
Е.Айғалиұлы: Шер-ағаң нағыз редактор еді...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу