Әкелер мектебінің облыстық семинары өтті

Oinet.kz 08-12-2022 589

image.png

«Рухы биік әкелер – ұлт болашағын мәпелер». Дәл осы тақырып аясында Сарыағаш аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен семинар өтті. Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі бекіткен іс-шаралар жоспарына сәйкес өткізілген жиында отбасылық құндылықтар насихатталды.

Әкелер мектебінің облыстық семинары 2 кезең бойынша өрбіді. Теориялық кезеңде «Салауатты ұрпақ – жарқын болашақ» атты тимбилдинг сайысы ұйымдастырылып, оған әкелер мен балалар, яғни отбасылардан құралған 3 команда қатысып, спорттық жарыста бақтарын сынады. Одан бөлек, «Әке – отбасының тірегі» психологиялық тренингі мен «Әкеге қарап ұл өсер» атты тәрбие сағаты өтті. Сонымен қатар, семинар барысында «Әке көрген оқ жонар» атты пікірсайыс та қолға алынған. Бұл ретте, басты мақсат – отбасындағы бала тәрбиесі және ондағы әкенің рөлі. «Әке – бала үшін тау тұлға. Бала әкеге қарап өседі. Әр әке баласына уақыт бөліп, кеңесіп отырғаны дұрыс. Сонда баланың ой өрісі дұрыс қалыптасып, көңіл көкжиегі кеңейіп, кез-келген мәселеге жан-жақты қарауға ұмтылады. Өзі түзу ағаштың көлеңкесі еш уақытта қисық болмайды. Дұрыс әке дұрыс тәрбие берсе, қоғамның дұрыс дамуына айтарлықтай үлес қосары анық

Семинарда сөз алған Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әбдішүкір Сапарбеков, Әкелер мектебі мен ауылдық, қалалық деңгейдегі ардагерлер кеңесінің жұмысына шолу жасады. Айтуынша, тәрбиелік маңызы бар шаралар жастардың арасындағы қылмыс пен суицид фактілерін азайтпақ.  

Түркістан облысына қарасты аудандарда осымен 8-ші мәрте  өткізіліп отырған семинарда аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Полатов пен мәслихат хатшысы Смайыл Тасқұлов қатысып, бірқатар азаматтарды Алғыс хаттармен марапаттады.

Айта кетейік, Әкелер мектебінің міндеті - әкенің отбасындағы рөлін нығайту, отбасы құндылықтарын қалпына келтіру, салт-дәстүрлерді дәріптеу.

Жиынға аймақтағы 77 мектептің тәрбиеге жауапты мамандары мен білім ұяларындағы Әкелер мектебінің төрағалары, Қазығұрт және Келес аудандарының Әкелер мектебінің төрағалары мен ақсақалдар қауымы да шақырылыпты. Сонымен бірге, ұстаздар мен оқушылар да қатысып, бүгінгі шарадан түйген ой-пірілерімен бөлісті.

Қазіргі кезде балаларға қоғамның ықпалы барған сайын күшейе түсуде, олардың тәрбиесіне түрлі мекемелер мен ұйымдар қатысады. Ал, отбасы ше? Оның тәрбие берудегі рөлі қандай? Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі қандай? Әке шаңырағы – теңдесі жоқ тұңғыш өмір мектебі.Қазіргі уақытта жұмыс басты аналар мен әкелердің барлығының бірдей балаларды тәрбиелеуге уақыттары бола бермей, соңында отбасындағы тәрбиеге жұмсалатын еңбек өте өнімсіз еңбекке айналуда. Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, «тегіне тартқан» дейді. «Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала» деп ер адам тәрбиесін ауызға алады. Өйткені, әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. «Бір әкенің тәрбиесін — жүз мектепте бере алмас», — деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Сол себепті де бала тәрбиесін халқымыздың ежелгі озық дәстүрлері негізінде жүргізе отырып, оны бүгінгі заманның жетістіктерімен ұштастыра білу маңызды.

 Бұхар жырау "Әкелі бала – жаужүрек, жиын тойға барады, төрден орын алады, бітіреді жұмысын, тастан да өткізер жебесін" дейді. Өзіне қорған болған әкесінің арқасында алшаң басып, бар шаруасын бітіріп, алдына кездескен кез-келген қорғанды бұзуға дайын болады.

"Әкесіз бала – сужүрек, жиын тойға барады, босағада қалады" дейді. Яғни, жасқаншақ болатынын меңзеп тұр. Сондықтан біз бала тәрбиесінде әкенің қаншалықты маңызды рөл ойнайтынын білгеніміз жөн. 

Ұрпағына ие болмаған, ұлтынан айырылады. Дәл осы ұстанымды алға тартатын әкелер мектебі, мұндай іс-шараларды алдағы уақытта да жалғастырмақ ниетте.


Шерхан Мұртазаның шығармалары жүректен шығып, жүрекке жетеді
XX ғасырдың көкейкесті мәселелерін айқын бере алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу