Түркістанда тәртіпті бейнекамералар қадағалайды

Oinet.kz 17-10-2019 757

Screenshot_3.jpg

Қазіргі таңда Түркістан қаласында көптеген оң өзгерістер орын алуда. Қалада енді тәртіпті полиция қызметкерлері ғана емес, бейнекамералар да қадағалайды. Бүгінде жалпы шаһар аумағында 5 компанияның жұмысы тəжірибеден өтуде. Əрбірінің өзіндік қызметі, ерекшелігі жəне бақылау жүйесі бар. Нақты айтсақ, жылдамдықты асыруды анықтау, тұлғаны жəне қалып қойған затты тану мен іздеу, шоғырланған адамдар ортасын анықтау, бағдаршамның қызыл түсінен өту, тоқтау сызығы жəне қоғамдық орындағы тəртіпті бақылауға алу. Яғни, тек зытқыған төрт доңғалақты көліктер мен оның иесі ғана емес, көшеде ары-бері өткен азаматтар да камераның назарында болады. Ұрлық жасау, арнайы жолақтан өтпеу, қоқыс тастау… енді мұндай олқылықтар тасадан қалмайды. 

Естеріңізде болса, қалада мамыр айында “Түркістан” əлеуметтік-кəсіпкерлік корпорациясының” “Түркістан облысының Цифрландыру орталығы” филиалының ұйытқы болуымен “Smart Turkistan” форумы өткен болатын. Онда 150-200-ге жуық компания қатысып, ұйымдастырушылар олардың бірнешесімен меморандумға отырған еді. Міне, бүгінде 5 айға жуықтаған уақытта цифрландыру бағытындағы іргелі істер оң нəтижесін беруде. Соның бірі – “Түркістан – қауіпсіз қала” жобасы.

Айта кетейік, мониторинг, талдау жəне тестілеу жұмыстары қазан-желтоқсан аралығында, яғни, үш ай көлемінде жүргізіледі. Бүгінде 88 камера іске қосылды. Алда бір апта ішінде тағы 27, яғни, жалпы саны 115 камера орнатылмақ. Сол сəттен бастап пилоттық режим де қызметін толықтай бастайды. Бейнебақылау камералары Тəуке хан жəне Б.Саттарханов даңғылдарында, С.Қожанов пен Т.Бокин жəне С.Қожанов көшесі мен қалалық аурухана қиылысында, Байбұрт жəне Əйтеке би көшелерінің қиылысында, Əмір Темір көшесінде, сондай-ақ, С.Ерубаев пен Кенесары, С.Ерубаев пен Т.Нышанов, Т.Нышанов жəне Н.Оңдасынов көшелерінде орнатылған. Дегенмен, заң бұзушылықтар бойынша əзірге айыппұл салынбайды. Ал, жыл басынан, яғни қаңтар айынан бастап тəжірибелі, оңтайлы əрі жылдам қызмет көрсететін компаниямен келіссөз жүріп, қала көшелері таңдалған мекеменің бейнекамераларымен толықтырылатын болады.

Қала әкімі қарттарға құрмет көрсетті
Өңір басшысы Түркістандағы құрылыс нысандарын аралап, тұрғындармен жүздесті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу