Жетісайдың жаңбыры

Oinet.kz 18-03-2019 1140

Screenshot_19.jpg

Сол күні түнде үшінші рет қар түскен. Шымкентіңізге. Тобыққа таман. Қазығұртыңызда қалыңдау екен. Желдете жауып тұрыпты. Елең-алаңнан ертелетіп жолға шыққанбыз. Жетісай жаққа.                                                                 

Келестің белестері кілт кесіле ойылып, ойпаңға ұласар тұстан Тәуелсіздік көпірі көрінер. Бұл көпір – Сыр-ананың арғы жағындағы Мырзашөл-Мақтааралыңызды жалғайтын жалғыз өткел.

Бергі беттегі қыраң қыраттарыңызды қарашаның жаңбырынан кейінгі жаймашуақ күндер жасыл көкпен көмкеріп үлгерген екен. Қазығұрт жақтан қиялай қиыршақтаған қардың соңы сұйыла жетіп, қырбақ қана қауқар танытқан сыңайлы. Төбе-төбелердің теріскей тұстары ғана аздап-аздап ағараңдайды.

 Көпірден өттік. Тораңғылы сирек, қамыс-құрағы күйрек, жыңғылы шоқ-шоқ тоғайда топ-топ тай-құлын ойнақ салады. Таң атар-атпаста. Қарындары тоқ, қайғылары жоқ боз биелер, торы байталдар көлігіңіздің алдында кесе-көлденең тұрып алады. Биік жолдан оңға қарасаңыз да, солға қарасаңыз-дағы, үйір-үйір жылқылар, табын-табын тана-торпақ, сиырлар. Кенет бір бүйірден күлгінсары құм артқан алып мәшинелер тізіліп шыға келді. Күн шықпай-ақ.

Сырдарияның арғы бетінде ақшаңқан Азаттық ауылы қуана қарсы алады. Сәлден соң Сырабатқа ілінерсіз. Үйіргелік тақта-тақта телімдерден ары қарай мақта егістіктері басталар. Асфальт жолдың қос қапталы түп-түгел қоңырқошқыл қозапая әлемі. Қауашақтары сарғылтым сәуле шашады. Сорғалап, ағып тұрғандай сезілетін «ақ алтынның» қалдықтары жоқ. Таза терілген. Ауылдар бір-біріне араласа жалғасар. Арық-атыздар бірсін-бірсін білем-білем тамырлардай тартылған күре каналдарға ұласар. Қалқан жапырақты тұт ағаштары мен қылқан жапырақты аршаның ағайындары алма-кезек алмасар. Сырабаттың да, одан кейінгі ауылдардың да көшелеріне көз салсаңыз, алма мен өріксіз және жүзімсіз үйлер сирек секілді.

Аудан әкімі Астанадан оралған. Аса маңызды форумға қатысып қайтқан. Ойланыңқырап келе жатыпты. Жұмысына қарата. Жанында бізден бұрын жеткен және бір тілші бар. Жас газетші жолын берді бізге.  «Әуелім сіз сұхбаттасып алыңыз»,  деді елпілдеп.

Мақтааралыңыздың әкімі Серік Тұрбековті бұрыннан-ақ біліңкірейміз. Сергек. Сезімталдығы жоқ емес. Тәжірибесі жетіп-артылады. Жасандылықтан ада. Табиғилығы басым. Талай-талай таудай-таудай басқармаларды басқарған. Бұрынғыларын былайырақ қойғанда. Небір-небір жауапты жетекшілік қызметтерді атқарған. Облыс әкімінің орынбасары болған. Сөзге сараңдау. Істің кісісі. Нақ-нақ айтады. Сергек дедік қой, алайда тым желгек те емес. Салиқалы. Қазір көркем әдеби кітаптарды шет пұшпақтап та парақтамайтын парықсыз басшылар, әдебиеттің не екенін сезбейтін әкімдер көбейіңкіреген кезең ғой. Тұрбековіңізде тектілік бар. Қазақ классикасынан да, заманауи заңғарларыңыздың қадау-қадау құндылықтарынан да хабардар. Құрманбек Жандарбеков атындағы драма театрының тұрақты көрермені.

Жұртшылықтың пікірі жаман емес. Аздап-аздап, алдын-ала әлеуметтік сауалдама салады ғой. Сіздің тілшіңіз де. «Ақ алтыныңыз» хақында кейінірек мәністерміз. Мақтааралдықтар Тұрбековтің мәдени-рухани ахуалды түбегейлі жүйелеу жағына басымырақ салмақ салыңқырайтынын жақсылыққа балайды. Ең алдымен, мәдениет үйлері мен клубтарға мән бере бастапты. Өзі әкім боп келгелі бірер жылдың бедерінде. Олардың саны отыз екен. Отыз сегіз кітапхана жұмыс істейді. Мәдениет үйлері мен клубтарды күрделі жөндеуден өткізе бастаған. Жергілікті жастардың және жасамыстардың қызығушылығына қарай үйірмелер, спорт секциялары ашылған. Қосалқы бөлмелер шаштаразға, аяқ киім және киім жөндейтін шағын шеберханаларға, мәдениет ошақтарының айнала-төңіректері саябақтарға, саяжолдарға, гүлзарларға, сырласып, шүйіркелесіп отыратын орындарға айналып үлгерген. Тек осы он бірінші жылдың өзінде мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізуге аудандық бюджеттен 63,2 миллион теңге бөлініп, бұл қаржы толық және тиімді игерілген. Аудандық мәдениет үйі үлгі-тірек бекеті іспеттес. Бұрын тозып тұратын осы ошағыңыз бүгінгі таңда озып-ақ тұрыпты. Айналасы гүлге оранған. Қарашаның желтоқсанға ұласар шағының өзінде раушан гүлдің шанақтарынан шуақ шашырайды. «Мақтаарал» мәдениет үйінің директоры Роза Әбдірашева осы Жетісайыңыздағы мәдени-ағарту училищесін, одан кейін Шымкентіңіздегі Мұхтар Әуезов атындағы университетті бітірген. Көптен бері мәдени қызметтің қиындықтарына төзіп келе жатқан майталман маман. «Тынымсыз ізденістің, бүгінгі тілмен айтқанда, инновациялық ізденістің адамы. Жаңашылдығына, бастамашылдығына Тұрбековтің өзі тәнті», деп қояды ауданның мәдениет «министрі» Айтбай Тілесов мырза. Бұл Айтбайдың өзі де талай-талай тағылымды мектептерден өткен. Ішкі мәдениеті ізеттілігінен, талапшылдығы қас-қабағы мен сөз ләмінен білініп тұрыпты. Әкімшілік қызметтердің әртүрлі буын-бунақтарында жауапты қызметтер арқалаған. Аудандық білім бөлімін басқарған. Әкімге орынбасар да болған. Сырдария университетіндегі білім сапасын биікке сүйрелеп, біраз тер төккен. Ғылым кандидаты. «Іс тетігін кадр шешеді» деген жалғыз ауыз сөзбен жетектеп әкеп, аталмыш салаға жегіп жіберіпті. Әкіміңіз.

«Мақтааралдың мақтасын да, мақташыларын да мәдениет көтереді. Мәдениетті мақта көтереді». Сергек те сезімтал әкім Серік Ордабекұлының ұстанымы осындай. Дарияның арғы жағы саналатын айрықша аймақтың адамдары алашыңыздың туын тектілікпен биіктете бермекке бір кісідей жұмылмағы жөн. Интеллект биіктігі – бірінші мақсат. Осы орайда да озық ойлылық алға бастап барады. Жоспар бойынша Мақтаарал ауданы кең жолақты интернет жүйесін 2015 жылы ғана ендірмекке кірісуі керек еді. Аудан әкімінің әрекетімен бұл межеге төрт-бес жылдай бұрын кірісіпті. Қазірдің өзінде 122 мектептің 84-і, 182 елді мекеннің 110-ы осы кең жолақты интернетке қосылып үлгерді. Бұл – үлкен жетістік. Енді әлдебір себеппен сабақтан қалып қойған оқушы интернет жүйесі арқылы бәрін көріп-біліп, қабылдап, дайындала алады. Күнделіктердің электронды түрін меңгереді. Елді мекендердегі есеп-қисаптарыңызға дейін алдағы жаңа жылдан бастап аталмыш жүйемен жұмыс жүргізбекке көшеді. Аудан бюджетінен 62 миллион теңге бөлініп, жан-жақты игерілу үстінде. Осы мәселеге арналған облыстық семинар өтпекші. Жетісайыңызда.

«Ақ алтыныңызға» қарай жылжыңқырайық. Әлем жүзінде «АҚШ-тың «ақ алтыны», «Түркияның талшығы», «Пәкстанның мамығы» дейтіндей көптеген ұғымдар айтылар. Ал қазақ мақтасы, Қазақстанның «ақ алтыны» дегенде Мақтааралдың мақтасы деп біле бергейсіз. Биылғы ерте көктемде мақтааралдықтар 101 мың гектарға шит сепкен. 215 мың тонна өнім жинаған. Осынша мөлшердегі шитті мақтаңыздан 33 пайыз, яғни 70 мың тонна талшық шығады. Осы талшығыңызды талшық күйінде шетелге сатса, әр тоннасы 2400 доллардан табыс түсіреді. Егер иіріп, жіп ретінде шығарса, әр тоннасы 4800 доллардан, мата тоқып барып сатса, 9600 доллардан табыс түсер еді. Мақтааралыңыздың әкімі Мәскеудегі мақта алушылармен тілдесіп байқаса, оларға жіптей жеткізген тиімді көрінеді. Мінекиіңіз, мақтааралдықтардың алдында «ақ алтынды» терең өңдеудің түбегейлі тірліктері толып тұрыпты. Осыдан барып, тек талшықты ғана емес, шитті де, өзге қалдықтарды да, тіпті қозапая әлеміне дейін әдемілеп өңдеуді қолға алуға жол ашылмақ. Бау-бақша, жеміс-жидек, көкөністің түр-түрлерін, жылқы мен түйе, ірі қара мен қой-ешкі, құстың бар-баршасын қамтитын шаруашылықтарды шалқыта дамытпақтың мүмкіндіктері молаймақ.

Мақтааралдықтар мақтаны ғасырға жуық уақыттан бері өсіріп келеді. Арғы замандарды айтпағанда. Қашанғы қолмен шабады?! Қашанғы қолмен қопсытады?! Қашанғы қолмен термекші?! Тұрбековіңізді толғантар сауалдар саулайды-ай. Осылайша. Жігіттерін Америка Құрама Штаттарына және Қытайға, тағы бір тобын Түркияға жіберіп байқайды ғой, баяғы. Мамандары зерттеп-зерделесе, Мақтааралда көп мәселеге мән берілмейді екен. Мәселен, аудан бойынша алғанда жыл сайын 40 мың гектар мақталық қатқақтап қалады екен. Сол қатқағыңызды қопсытуға әр жыл сайын 280 миллион теңге шығындалады екен. Білдіңіз бе?! Ал енді американдық әдіспен әдіптеп ексе, АҚШ-тың арнайы сеялкаларын жергілікті жағдайларға икемдеп қолданса, әлгі миллиондар толығымен үнемделеді екен. Көп ұзамай-ақ әлгіндей сеялкалар Мақтааралыңыздың Жетісайында жабдықтала бастайды.

Және бір жағдай бар. Жыл сайын жүз мың гектар мақталық мамыр-маусымда шабықтан өтеді. Күн күйіп тұрғанда жас балаларға дейін жабылып кетпендемесе, арамшөп басып, басынып кетеді. Шабық науқанына жұмсалатын 350 миллион теңгені үнемдеудің жолы да қолға алынды. Күзде, мақта терердің алдында гербицид сепсе, көктемде арамшөп мүлде шықпайды. Биыл 26 мың гектарға себіліпті. Гербицидіңіз. Бірте-бірте мақтааралдықтар қатқақты да, арамшөпті де біржолата еңсеріп, еңселерін көтерер.

Үшінші мәселе. Ол – қолмен теруді мұқым-мүлде азайту. Жасыратыны жоқ, қазір жүз мың гектар мақтаның 92 мың гектары тек қолмен жиналып жүр. Ал келесі жылы 25-30 пайызы мәшинемен терілмек. Бұл үшін де техникалық ізденістер жасалуда, психологияны өзгерту жолдары қарастырылуда. Комбайндар жетілдірілуде. Құдай қаласа, қарашаның соңына дейін жер жырту аяқталар. Желтоқсанда сор шаю тәмәмдалар. Шит себуді сәіурдің соңында бітіру межеленер. Бірсін-бірсін гектар берекесін 28-30 центнерге жеткізбек жөн болар. АҚШ пен Қытай 50-60 центнерден қайырып жүр. Жетісайдың төңірегінде де 45-50 центнерге қол жеткізе бастағандар баршылық.

Төртінші мәселе. Тікелей мақта өсіретін шалдықпас шаруаторылардың қалтасы хақында. Биыл «ақ алтыныңыздың» әр келісі 107 теңгеден боп тұрыпты. Мақташының қабағындағы кірбің жазылыпты. Бұрын 70-80 теңгеге дейін түсіп кетіп еді. Ал енді өңдеу мен сақтауға әлі күнге дейін тоннасына
48 мың теңге алады. Араағайындарыңыз. Өзіндік құн осыдан барып қымбаттайды. Бұл қиындықтан шығудың жолы да табылуда. Биыл екі бірдей шағын зауыт салынды. Шығын 20 мың теңгеге төмендеді. Облыс көлемінде 147 мақта қабылдау бекеті бар. Олар, шынтуайтында, қып-қызыл шығын. Ең ескі әдіс. Әкімнің қызмет бөлмесінде американдық жаңа комбайнның көшірме үлігісі тұр. Осы комбайнды АҚШ кеңінен пайдалануға көшіп үлгерген. Ғажайып техникаңыз мақтаны тереді, өзі кептіреді, өзі тазалайды және дап-дайын, ыңғайлы орама етіп шығарады. Сөйтіп, әлгі мақта қабылдау бекеті дейтұғын «дөкей» кәсіпорынның түкке де қажеті болмай қалады.

Әр комбайн 500-600 мың долларға түседі екен. Алайда өзін-өзі өтейді, бірте-бірте артығымен ақтайды.

Мақтаарал үшін жеделірек шешпекті керексінетін проблемалар-дағы жеткілікті. Біріншіден, көлік логистикасы мүлде нашар. Екіншіден, әуежай керек. Үшіншіден, энергетикалық логистика мүшкілдене түсуде. Темір жол мәселесін алыңыз. Өзбекстан арқылы көп-көп кедергі жасалады. Ақша шіркін ағылып барып, ала шапанды, ала тақиялы ағайындардың қалтасына құйылуда. Тек арғы жылғы көрсеткішті байқасаңыз, 194 миллион теңгенің жүгі тасымалданған. Соның 151 миллионы Ташкенттің, 43 миллионы ғана Мақтааралдың пайдасына кеткен. Жүк тасымалдауды жеңілдету үшін Шеңгелді стансасынан Келестің қазіргі Қызыләскер ауылына дейін 39 шақырымдық темір жол салынуы керек-ақ. Сонда Мақтааралға да, Шардараға да аса тиімді жағдай жасалар еді. Электр жүйесі әбден ескірген. Шардарадан баяғыда тартылған ғой. Жаңа өндірісті дамыту үшін, бүкіл мақта саласын биікке көтеру мақсатында кернеуі 220 вольттік жаңа желілер жүргізілмегі жөн. Онсыз болмайды.

Түс ауа аудан әкімдігі ауыл шаруашылық бөлімі бастығының орынбасары Әліп Тәпиевпен бірге алыстағы шаруа қожалығын араламаққа шығып ек. Адастық. Каналдан ары өтеміз, бері өтеміз. Тізілген тұт ағаштары ондаған шақырымдарға созылар. Қызылқоңыр қозапая жауып жатқан ұшы-қиырсыз плантациялар жанар жасауратар. Қауастың желі қырау бүрке бастағанда, Әліп мырза адасқанын мойындады. Біржарым сағат өткенде біз іздеген шаруа қожалығының жетекшісі Дүйсебек Әжіғабылов екінші ұлы Мұхтарды ертіп, өздері жетті. Екеуі де екі иықтарына екі кісі көтерілсе, былқ етпес балуандар секілді. Алпыс үш жастағы Дүйсекеңнің алпыс үш гектар жері бар екен. Кезінде «Үшінші Интернационал» қалқозын басқарған. Жеке жер үлесін жылдамырақ игеріп, нарық заманына тезірек икемделгендер қатарында саналады. Алпыс үш гектардың 25 гектарына мақта өсіріп, 30-32 центнерден өнім жинайды. Техника түрлері жеткілікті. Бес гектардай жоңышқасында жылқылары жайылып, сиырлары серуендеп жүріпті. Жүгері дәнін жинап, уатып алыпты. Ол он алты гектардайға егіледі. Он бес гектарда пияз өсіреді. Қалғаны – қауын-дарбыз, қырыққабат, қызанақ, қызылша, аскөк, асқабақ, тағысын-тағылар. Тамшылатып суарудың тәсілін Мұхтар мырза басқаратын бригада жетік меңгерген.

Дүйсекеңнің шаруа қожалығы мақталықтан басқа телімдерінен жылына екі өнім алады. Әнекиіңіз, үш гектар сәбіз, үш гектар қызылша, жеті гектар тағы басқа майда-шүйде саналатын көкөністер – екінші егілген дақылдар. Әлі жиналмаған. Қар қалың түскенше жұмыс жалғаса береді. Әжіғабыловтар әулетінің оншақты жұмыскеріне қоса ауылдың қырықшақты адамы несібесін осы шаруа қожалығынан айырады. Жыл бойы жұмыспен қамтылады. Бәрі. Орта есеппен қырық мың теңгеден айлық алады. Қызу науқандар кезінде екі жүзге жуық жан жапа-тармағай жұмылады. Бәрін есептегенде, бес-алты миллион теңге жалақыға жұмсалар. «Қалғаны да өзімізге жетеді. Жүдә шыли құныққаннан сақтасын. Қанағат керек. Мына Мұхтар інілеріңді де ізгілікке баулимын. Туған жерімізде ту тігіп, бала-шаға, немерелерді адал еңбекке тәрбиелеп, жүріп жатырмыз. Жұмыскерлердің бәріне жағдай жасалған. Мына Әсия деген келіншегім мұғалім еді, бірер жыл бұрын зейнеткерлікке шықты. Еңбектене білгеннің еңсесі биік қой. Бақ-береке, ырыс-құт көбінесе адамның өзіне, бейнетіне байланысты. Бәрі – Тәуелсіздіктің арқасы», дейді Дүйсекең.

Әжіғабыловтар шамамен орта деңгейдегі шаруа қожалықтары қатарында ғой. Тірлікті жаңа бастаған, әзірше әлсіздеу бір шаруаңызды да жолықтырдық. Оның өзі де көнетоздау «Аудимен» қауын пәлегі үйілген тұстан орғытып барады екен. Тоқтаттық. Таныстық. Сейітжаппар Досаев деген алып денелі, қараторы жігіт екен. Ыржия күліп тұр. «Ой, көкелер, біздікі майда қадам ғой. Оралманбыз. Мына Мырзашөлдің Гагарин жағынан екі жарым жыл бұрын көшіп келіп ек. «Қырық бес» дейтұғын каналдың «Үш шлюз» дейтұғын маңайынан тоғыз гектар жер тиген. Мақта егем. Қауын өсірем. Жартысы жүгері. Биыл Мырзашөлдің ақ қауыны ақжарылқап өнім берді. Алмагүл дейтін келіндеріңіз, үш қыз, екі ұлым бар. Мынау жанымда отырған Сәбира ғой. Тоғызыншыда оқиды. Күн суыта ма деп, киім-кешек қарыштағалы кетіп барамыз. Жетісайға. Мақтамды биыл құрт құртты ғой, әйтпесе батып қалар ек. Біз де. Қауынның пайдасы тиді. Сапаралы дейтін інімізді үйлендірдік. Екі баламның сүндетін қосып, әжептеуір той жасадық қой, аға. Ақ қауынның арқасында. Жетісайдың «Табиғат» дейтұғын тойханасында. Келесі жылы құрттан Құдай сақтаса, бір техника алсақ, қатарға қосылып кетеміз, аға...»

Бұл маңайда боз ұлпа көп екен. Боз ұлпа. Тамыз айында талаурай өніп-өседі. Қыркүйекте қырықбуындана биіктеп, бүртіктене өрлейді. Өздігінен емес, өзгелерге сүйеніп өрмелейді. Әлдебір шырмауықтарша шырмап алмайды. Залал-зиян келтірмейді. Боз ұлпаңыз бейбіт түрде бой көтеріп, кез-келген ағашқа, бұтаға өң бере өседі. Тұтқа да, талға да, тораңғыл мен жыңғылға да иек артқандай, иыққа қолын салған достай бейбіт қой боз ұлпаңыз.

Әлі «ақ алтыны» терілмеген қозалықтарда қарындастар жүр. Ақ партықтарын арқалап. Боз ұлпаларыңыз үлбіреп, үкідейін үлпілдеуінен танбаған. Демек, әзірше Мақтааралыңызға қалың қар түсе қоймайды.

Ертеңіне Жетісайда жып-жылы жаңбыр жауды. Кенеркөктен күннің ашылатыны аңғарылады. Мақталықтарда қоза кешіп қоңырқошқыл, ақсары, қараала сиырлар жүр. Жылуарлыққа оранған жылқылар үйір-үйір. Тай-құлындар тайраңдай жарысады-ай. Жетісайыңыздың жаңбыры – жып-жылы жымыңдаған, жұмсақ жауын. Қыстың ауылы алыс-ау әлі. 

Мархабат Байғұт,

«Егемен Қазақстан»

2011 ж

Түркістан облысында басқарма басшысы тағайындалды
Темірландағы судың тасқыны шудың тасқынына ұласып жүрмесін!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу