Индустриалды аймақтар ұлғайып келеді

Oinet.kz 13-04-2023 295

Мегаполисте орналасқан екі цемент зауыты еліміздегі осы өнім түрінің төрттен бір бөлігін өндіреді. Машина құрастыру саласы бойынша жоғары кернеулі трансформаторлар мен мұнай өнеркәсібі және сумен жабдықтауға қажетті сорғылар шығаратын кәсіпорындар бар. 

сайт 43 фото.jpg

Арнайы экономикалық аймақта еліміздегі тоқыма бұйымдарының 21 пайызы өндіріледі, сондай-ақ Тәуелсіздік жылдарынан бері республикада тұңғыш рет кілем фабрикалары ашылды. Шымшаһарда шамамен жеті жүздей ірілі-ұсақты тауар өндірушілер бар. Өңірдің өнеркәсібінің дамуына бір жағынан тауар тасымалдауға қолайлы аймақта орналасуы пайдасын тигізіп отыр. Қала халықаралық Батыс Еуропа–Батыс Қытай көлік дәлізінің дәл ортасында жайғасқан. Сондықтан шығарылған өнімді 5 күн ішінде Қытайдың батыс өңірлеріне және Батыс Еуропаға жеткізуге болады. Ал шымкенттік тауарларды бүгінде Азия, Африка , Америка құрлықтарындағы 54 мемлекеттің сауда қатарларынан таба аласыз. Мегаполиске келетін инвестиция деңгейінің артуын мына мысалмен де көруге болады. 2011 жылы ашылған 337 гектарды құрайтын ең алғашқы «Оңтүстік» индустриалды аймағы 7-8 жылда толса, 90 гектар аумақтағы «Тассай» индустриалды аймағы 5 жыл өтпей кәсіпорын орналасатын жері қалмады. Былтыр ғана құрылған «Жұлдыз» индустриалды аймағында қазірдің өзінде 50 компания құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы жобалар арқылы 435 млн доллар инвестиция тартылады. Сондықтан қала әкімдігі аталған индустриалды аймақтың аумағын қосымша  тағы 155 гектарға ұлғайтуға шешім қабылдады. Арнайы экономикалық аймаққа да жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары сыймай бара жатқан соң аумағын 175 гектарға кеңейтіп жалпы ауданын 400 гектарға жеткізу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қала маңындағы Сауда-логистикалық аймағы да екі есеге ұлғаятын болады. Соның нәтижесінде келесі жылы инвесторларға заманауи қоймалар құрылысын салуға 136 гектар қосымша жер учаскелері ұсынылады. 

Шымкентте жалпы индустриалды аймақтардың ауданы 869 гектарды құрайды. оның 90 пайызға жуығы игерілген. 453 млн АҚШ доллары көлемінде көлемінде инвестиция тартылып, толығымен өз мақсатына жұмсалды. Сол арқылы 180 жаңа кәсіпорын ашылды. Сонымен бірге құны 740 млн долларға 250 жаңа жобаны іске асыру жоспарда бар. 


Бизнес жүргізуге ең қолайлы өңір
Металлургия саласы өркен жаймақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу