Шымкент қаласында каналдар бетондалып, жаңаша микроклимат қалыптастырылуда

Oinet.kz 14-06-2023 224

Шымкент қаласына қарасты елдімекендерде тұратын шаруа қожалықтар көкөніс пен бақша дақылдарын баптаумен айналысуда. Олардың алқаптарына ағын суды шығынсыз жеткізіп беру мақсатында суару жүйелері қайта жаңғыртылуда.

Screenshot_10.jpg

Шымкент қалалық жайлы орта қалыптастыру басқармасының басшысы Ержан Жақсылықұлының айтуынша, қала аумағындағы шаруаларға ағын су жеткізу үшін ондағы каналдарды жөндеу, жаңарту бойынша құрылыс жұмыстары бірнеше бағытта жүргізілуде екен. 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отырғанына тоқтала келіп: «Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайы одан әрі ушықтырып отыр. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес» дейді. Тиісті министрліктерге бұл саланы жетілдіру үшін үш жылдық жоба әзірленуді тапсырды. Ал бізде бұл жұмыстың басталғанына бір-екі жылдың жүзі болды. 

Шымкент қаласында 34 канал бар, оның жалпы ұзындығы 300 шақырымды құрайды. Бұл каналдардың құрылыс жұмыстарын бір жылда аяқтау мүмкін емес. Сондықтан біз 5  жылдық жоспар бекітіп отырмыз. 2023-2028 жылдар аралығында кезең-кезеңімен каналдар бетондалып, құрылысы аяқталатын болады. Бүгінгі таңда екі канал пайдалануға беріліп, су беру көлемі 2,5 текше метрге ұлғайды, - дейді басқарма басшысы. 

Жалпы Шымкент қаласында жыл соңына дейін алты каналдағы құрылыс жұмыстар аяқтауды, жеті каналды күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Бұл каналдарды бетондалуының нәтижесінде ағын судың жерге сіңіп кетуі төмендемек. «Ал қала ішіндегі микроклиматты жақсарту жұмысы төрт кезеңге бөлініп атқарылатын болады. Қалаға келетін БМК және Жаңа шек каналдарының бетондалған беті арқылы бірінші кезеңде Тәуке хан және Қазыбек би көшелерінің бойымен су жүргізіп көрмекпіз. Бұл жоспар жүзеге асатын болса, қаланың  микробелдеуі 60-55 пайызға артады» –деді Е.Жақсылықұлы.

Басқарма басшысы әңгіме барысында өз саласына байланысты қаладағы тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, шаһардағы көпжылдық ағаштарды күтіп ұстау, көгалдандыру мәселелері жайында да жоспарларымен бөліскен еді. Оның айтуынша өткен қыс айларының аязды болуы қаладағы біршама ағаштарға зиян тиіпті. Атап айтсақ этносаябақтағы 5 мыңнан аса эльдар қарағайының 700-ін кесуге тура келген. Қалғандарын емдеу арқылы қалпына келтіруде екен. Ағаштардың қурауына климаттық өзгеріс себеп болған деседі. 

Айта кетейік, қоқыстарды зиянсыз қайта өңдеуге  инвестор тарту мәселесіне де Шымкент қаласы басымдық беріп отыр. Бүгінде бұл салаға Қытай, Германия, Испания мемлекеттерінің инвесторлары қызығушылық танытқан. Қалдықтарды жерге көмбей, жағу арқылы электр энергиясын  алу эколог мамандарының да назарын аударып отыр. Алдағы уақытта тұрмыстық қалдықтар да зиянсыз өңдеу қала жоспарына еніп отыр екен. 

Шымкент қаласында экспорттаушы кәсіпорындар қатары артуда
Шымкент қаласында агроқұрылымдарды дамыту мақсатында 17 жоба жүзеге асырылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу