Штакилерді таңқалдырған Шымкент

Oinet.kz 29-08-2023

image.png

Шымкент – талайды таңқалдырған ғажайып қала. Әсіресе қаланың қайырымды тұрғындары, қонақжай халқы кімді болса да сағындырары анық. Ал келбеті жыл санап құлпырып келе жатқан қаланы бір көрген адам мұндай қайта оралғысы келіп тұрады. Дәл Штакилер секілді. 

Араға жылдар салып Шымкентке келген шетелдікті қаланың шырайы таңқалдырды. Штаки отбасы сонау 1990 жылы Шымқаладан Германияға қоныс аударған екен. Жақында олар Шымкентке қыдырып келіп, шаһардың көрікті орындарында болды. Соның ішінде  «Достық» үйі ғимаратының тыныс-тіршілігімен танысты. 

Кезінде «Қазақстан» кинотеатрында танысып, кейіннен шаңырақ көтергенін жеткізген Штаки отбасы өздерінің жастық шағы өткен шуақты шаһардағы бұл ғимараттың тоқырау жылдардың сынынан аман өтіп, заман талабына сай жаңғырғанына қуанышты екенін жеткізді. 

«Достық» үйін аралап, этномұражай мен кезінде өздері танысқан залдағы орындықтарға отырып көрген Штаки отбасы жастық шағын еске алып, ерекше көңіл-күй сыйлаған орынның аурасына тамсанды. 

Бүгінде Германияның Люнебург қаласында тұратын Штаки отбасы бұрын Шымкент облысының (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Түркістан облысы) Қазығұрт және Шарапхана елді мекендерінде тұрғанын атап өтіп, Орта Азия елдеріне жасаған саяхаты аясында Шымкентке соғып, осындағы достарымен және кластастарымен кездесуге келгенін айтады. 

Бүгінгі күні Шымкент қаласында 142 орналастыру орны, 9 саябақ, 7 мұражай, 25 әлеуметтік-мәдени нысан, 5 театр, 12 сакралды нысан, 11 сауда, ойын-сауық орталығы,5 діни нысан, 18 аквапарк және 4 табиғи су көзі орналасқан. Аталған нысандардың барлығы дерлік қалаға келетін туристерге қызмет көрсетеді. Мегаполисте жүзге жуық туристік нысан бар. Соның ішіндегі ең маңыздысы әрі шоқтығы биігі ол – цитадель. Содан соң қаланың мақтанышы саналатын дендрологиялық саябақ бар. Саяхатшылар Бәйдібек би ескерткіші мен соның айналасындағы демалыс орнына да көп келеді. 

Шымқалаға Алматы, Астана және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, АҚШ, Корея және басқа да елдер мен қалалардан іскерлік, жеке және кәсіптік мақсатта келушілер саны басым. Сала мамандары  биыл туристер санын 400 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. 

Еске сала кетейік, жазғы кезеңге Шымкенттен Қостанайға, Ақтөбеге, Семейге және Атырауға, сондай-ақ, грузиялық Кутаисиге дейінгі жазғы маусымдық маршруттар қалпына келтірілген болатын. 

Мүгедектерге қызмет көрсетудің пилоттық жобасы іске асырылуда
Туған тілім – тұғырым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу