Ерлі-зайыпты саяхатшылар Шымкентке ат басын бұрды

Oinet.kz 06-09-2023

image.png

Шымкент   шетелдік туристерді қызықтырып отырған қалалардың бірі.  Оған дәлел жақында Оңтүстік кореялық ерлі-зайыптылардың Шымқалаға саяхаттап келуі. Олар  қысқа уақытта әлемнің 90 елін аралауды межеге қойыпты.  Бұған дейін бірнеше мемлекетті аралап келген саяхатшылардың ендігі жолы үшінші мегаполиске түсіпті. 

Парк Хен Мин мен оның әйелі Шин Хо Сонның туристік сапары мамыр айында басталған. Бұл үшін арнайы автоүй сатып алған. 

–Мен Кореяда оқып, білім алып, сонда өз кәсібімді аштым. 13 жыл бұрын бірге жұмыс істеген әріптесім Шин Хо Сонға үйленген болатынмын. Содан бері екеуміздің қызығушылығымыз бен көзқарасымыз да бірдей. Екеумізде ел аралағанды, өзге ұлттың тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен танысқанды ұнатамыз. Екі жылдық саяхаттың шығындарына шамамен 100 мың АҚШ доллары кетеді деп есептедік. Оңтүстік Корея бай мемлекет болғанымен мұндай шығынмен саяхаттау мүмкіндігі әрбір отбасында жоқ. Біздің табыс әкеліп тұрған жеке бизнесіміз бар. Мал өсіріп, оның етін сатумен айналысамыз»,- дейді Хен Мин. 

Саяхатшылардың Қазақстан туралы пікірлері жақсы. 

–Маған «Орта Азияда полицейлер пара алады, алдап соғады» деген пікірді көп адамдар айтты. Бірақ мен саяхатттап жүріп мұны кері пікір екендігіне көз жеткіздім. Өйткені жолда көлігім бұзылып қайда, қалай хабарласарымды білмей абдырап тұрғанымда жолда полиция қызметкерлері тоқтап, көлігімді тиісті орынға жеткізуге көмектесті. Бізді ешкім танымаса да, тілімізді түсінбесе де сыйлықтар беріп қуантты. 

Мені қызықтырғаны қазақтың ұлттық киімдері болды. Асқан көркемділік, шеберлікпен жасалған шапан, бас киім, кимешегі өзге ұлттарға ұқсамайды. Ал домбыраның үні тіпті ерекше. Бізге тарту етілген сыйлықтармен мүмкін елімізде көрме әлде мұражай ұйымдастыратын шығармыз. Алда жоспарларымыз көп,– деді Хен Мин. Туристер әрі қарайғы сапарын Ресей, Әзербайжан, Грузия, Үндістан, Пәкістан елдеріне жалғастырмақ. Ал, одан кейін Африка құрлығына өтуді жоспарлап отыр.

Туристер  «Visitshymkent» ақпараттық орталығының қызметіне жүгінген. Орталық қызметкерлері ендігі кезекте қаламыздың көрікті және тарихи жерлерін көрсетіп, қонақжайлылық танытпақ. 

Айта кетейік, қалада еліміздің түкпір-түкпірінен келетін және  шетелдік туристерге жоғары деңгейде қызмет көрсетіліп келеді. Бұл бағытта  «Visitshymkent» ақпараттық орталығының қосып отырған үлесі көп. 

Туған тілім – тұғырым
Перзентханадағы ерекше күн
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу