Шымкент қаласында «Мерейлі отбасы-2025» ұлттық байқауының қорытындысы тамызда шығарылады

Oinet.kz 26-07-2025 2

Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы сайтында жазылғандай, Шымкентте «Мерейлі отбасы-2025» ұлттық байқауын өткізу бойынша дайындық басталып, оны ұйымдастыру жөніндегі қалалық комиссияның отырысы өтті. 

Screenshot_2.jpg

Жалпы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы республикамызда 2013 жылдан бастап жыл сайын тұрақты өткізіліп келеді. Былтыр «Мерейлі отбасы – 2024» ұлттық байқауы конкурсқа қаладан 183 отбасы өтініш білдіріп, іріктелген 20 отбасы ақтық сынға өткен болатын. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан Сыдықовтар отбасы жеңімпаз атанып, Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алып, ол жақтан олжалы оралған еді. 

Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетовтың айтуынша, «Мерейлі отбасы» байқауы бұл ұлттық салт-дәстіріміз бен әдет-ғұрпымызды жаңғыртып, отбасы институтын қалыптастыруда үлкен серпін берген байқау. «Бұл ұлттық байқау отбасылық құндылықтардың жандануына, дәстүрлердің жаңғыруына, түрлі буын өкілдерінің арасындағы сыйластықтың нығаюына, ұрпақ тәрбиесіне жаңаша дем беріп, өнегелі әулеттердің өрісін кеңейтуге ықпал етіп келеді. Соңғы жылдары ұлттық салт-дәстүр мен отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында өткізіліп жүрген шараға қатысуға ниет етушілердің қатарының көбейгені көңіл қуантады. Биыл да осы үрдіс өз жалғасын тапқалы отыр. Бүгін комиссияның алғашқы отырысы өтіп, байқау талаптары нақтыланды», дейді ол.

Конкурстың негізгі мақсаттары – отбасы институтын, адамгершілікті нығайту, жауапты некенің маңыздылығын мойындау; ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру; отбасылық құндылықтарды, кәмелетке толған балалардың еңбекке жарамсыз және қарт ата-аналарға қамқорлығын насихаттау; қазақстандық отбасының оң имиджін насихаттау.

Комиссия отырысында комиссия мүшелері отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және отбасы институтын арттыруға бағытталған ұлттық байқауға бақ сынауға өтінім берген отбасылардың ішінен үздігін таңдау үшін құжаттармен танысып, бейне роликтерді қарады. Олар үздік отбасыларды таңдау кезінде комиссия мүшелері әрқайсысының жеткен жетістіктеріне, отбасылық дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарға мән берді. Бұдан бөлек, отбасы мүшелерінің қабілеті мен дарыны да назардан тыс қалмады. Бос уақытын тиімді өткізу, салауатты өмір салтын ұстану, волонтерлік, қайырымдылық істері де таңдау кезінде ескерілді.

Сонымен биыл қалалық кезеңге әр ауданнан 4 отбасыдан жалпы 20 отбасы іріктелді. Еңбек пен спортта, шығармашылық және зияткерлік салаларда, ғылым мен өнерде жетістіктері бар отбасылар, сондай-ақ қоғамдық пайдалы қызметке белсенді араласатын отбасылар, көпбалалы отбасылар, ерекше балалары бар отбасылар, ардагерлер, еңбек адамдары және шығармашыл әулеттер қатысып отыр. Осы байқауда үздік деп танылған отбасы республикалық кезеңге жолдама алады. Ал қалалық кезеңнің салтанатты марапаттау рәсімі тамыз айында өткізілетін болды. 

Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі 928 азаматқа үйде қызмет көрсетілуде
Шымкент қаласында қалалық әзіл-сықақ және сатира театры XVII театр маусымын жапты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу