Шымкент қаласында МӘМС бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда

Oinet.kz 28-07-2025 3

Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы сайтында жазылғандай, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша әлеуметтік осал топтағы азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. 

Screenshot_10.jpg

Атап айтқанда, ендігі кезекте МӘМС жарнасын төлей алмайтын жұмыссыз азаматтар да қалалық бюджет есебінен сақтандыру жүйесіне қосылатын болды. 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Шымкент филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарованың айтуынша, бүгінгі күні  Шымкент қаласы бойынша тұрғындардың 80 пайыздан астамы, яғни 1 миллионнан астам адам сақтандырылған. Оның ішінде 700 мыңнан астам азамат жеңілдік санатына жатады және олардың жарнасын мемлекет төлейді. Дегенмен, 237492 адамның сақтандыру мәртебесі жоқ, оның ішінде 56 мыңнан астамы – әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар екен.

– Бүгінгі күні халық арасында МӘМС бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасын табуда. Қазір Шымкент қаласының барлық ауданында мамандар жұмыс істеуде. Сонымен МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістерге орай Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қалалық филиалының мамандары Абай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Алаш базарында тұрғындармен кездесіп, заңнамадағы өзгерістер туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қала тұрғындары өзгерістерді дұрыс қабылдайтындықтарын айтты кездесу барысында. Бұл өзгеріс шынтуайтында медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталып отырған игі бастама, – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Шымкент филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова.

Президент тапсырмасына сәйкес 2026 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес, жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) санаттарына жататын азаматтар үшін сақтандыру жарналарын төлейтін болады. Бұл жаңашылдық әлеуметтік осал топтарды медициналық көмектен қағылмауын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да жергілікті бюджет есебінен сақтандыру жүйесіне қосылады. Бұл өзгерістер жергілікті әкімдіктердің халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын құру, кедейлікті азайту секілді әлеуметтік-экономикалық бағыттардағы жауапкершілігін арттырады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» туралы заңға енгізілген өзгерістер халық үшін тиімді болып тұр. Жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға үлкен сүйеу, көмек болады деген сенімдемін», – дейді Арапкүл Ізбасарова.

Шымкент қаласының жастары «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілі ұйымдастырды
Шымкенттегі «Алаш» базарында жастарды жұмыспен қамту аясында түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу