Аспан астындағы мәдени іс-шара жастар рухын көтерді

Oinet.kz 09-08-2025 10

Шымкент қаласында Шымқала кештері жалғасын табуда. Осының аясында түрлі әдеби, мәдени және ұлттық құндылықтарды насихаттайтын ашық аспан астындағы іс-шаралар өтуде. Сол кештің бірі – қаладағы көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатының оқушыларының қатысуымен өтті. Бұл кеш «Абай мұрасы – халық даналығы» атты тақырып аясында өрбіді. 

Screenshot_3.jpg

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл кеш Ұлы ақынның 180 жылдығына арналды. Бір атап өтерлігі, Абай Құнанбайұлының туға күні қарсаңында бұл мерекелік іс-шара еліміздің барлық өңірінде бір мезетте ұйымдастырылған. Әдеби кеште Абайдың әндері мен өлеңдерінен үзінділер орындалды. Сондай-ақ, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатының 10-сынып оқушылары қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған тұлғаның шығармашылығынан әдеби көріністер қойып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, ойшыл, композитор Абай Құнанбаевты қай жағынан дәріптесек те артық етпейтіні анық. Кеште белгілі айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов Абайға арналған арнау өлеңін оқып, жүрек қылын тербетті. Іс-шара барысында Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылып, ақын жайында жақында ғана жарыққа шыққан жаңа жинақ жайында айтылды. Құнды дүниенің тұсауы туған жерінде ақынның мерейтойы аясында кесілгелі отыр екен.

– Мегаполистің мәдени өмірін жандандыру мақсатында өтіп жатқан Шымқала кештері қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті іс-шарасына айналды. Жоба халықтың ұлттық мәдениеті мен өнеріне деген қызығушылығын арттырып, бос уақытты тиімді әрі ерекше өткізуге мүмкіндік беріп отыр. Осындай ұлттың ұлы тұлғаларын ұлықтайтын, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптан көрініс беретін, өнер адамдарының көнцерттік бағдарламалары мен театрландырылған қойылымдар аптаның әрбір сенбі жексенбісі сайын өткізіліп тұрса керемет қой. Бұл ең алдымен балаларға қуаныш сыйлайды. Қызығушылықтарын арттырып, ұлттық болмысты, тарих пен мәдениетті тануға үлкен көмегі тиер еді, – дейді қала тұрғыны Медет Елікбай. 

Сонымен «Шымкент кештері» аясында өткен кеште Абай Құнанбаевтың өлеңдері, мәдени мұрасы жан-жақты насихатталды. Сөйтіп, ақынның рухани мұрасын дәріптеп, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында өткен шара дәстүрлі «Шымқала кештерімен» жалғасты. Бұл күні жергілікті тұрғындар Жастар театрының өнерін тамашалады. «Шымқала кештері» мәдени шарасы Орталық саябақпен қатар, Шымсити шағын ауданындағы демалыс аймағында да ұйымдастырылды. Онда қала тұрғындары әзіл – сықақ және сатира театр ұжымының концертін тамашалады.

Ұлттық өнерге жақынның өрісі биік
Қазақтың әр биінде ұлтымыздың тарихы жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу