Абайға арналған мереке рухани-мәдени іс-шараға ұласты
Шымкент қаласында Абай күні рухани-мәдени мерекелік іс-шараға айналды. Ұлы ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ауқымды іс-шара Абай саябағында ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.
Бұл салтанатты шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жоғары оқу орындарының ректорлары, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының және этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, белсенді жастар мен қала тұрғындары қатысты.
– Абай шығармашылығы ғасырлар өтсе де, өзектілігін жоғалтпаған кемел туынды. 180 жыл өтсе де, ақын сөзі – ел болашағына бағытталған рухани жол. Жас ұрпақ Абайды тек оқып қана қоймай, оның идеяларын өмір сүру дағдысына айналдырғанда ғана нағыз ұлттық жаңғыру жүзеге асады. Абай армандаған ғылым қуған, еңбек еткен, адамгершілігі биік қоғамды бірге құру – бәріміздің борышымыз, – деп атап өтті ұлы ақын туралы ойымен бөліскен қала әкімі өз сөзінде.
Мерекелік рәсімде Абайдың өлеңдері оқылып, тыңдарманын терең толғанысқа бөледі. Көрермен ұлы ойшылдың өмір жолын бейнелеген әсерлі көріністің куәсі болды. Сондай-ақ іс-шара барысында бүлдіршіндер де ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Қатысушылар 2009 жылы ашылған «Хакім Абай» музейін аралап, ақын шығармашылығымен, аудармаларымен және заманының тұрмыс-салтымен танысты.
Абай мұрасының өзегі – адамтану ілімі. Оның қарасөздері мен поэзиясы – тұлғаның рухани қалыптасуындағы ішкі мотивация, моральдық ұстанымдар және танымдық ойдың дамуына арналған. Ақын шығармалары «функционалдық сауаттылық», «өмірлік дағдылар», «тұлғалық бағдарланған білім беру» сынды қазіргі білім беру теорияларының мазмұнымен ұштасады.
Абай Құнанбайұлының рухани мұрасы – қазақ дүниетанымындағы терең философиялық, этикалық, тәрбиелік жүйенің іргетасы. Сол жүйенің ең маңызды тұғыры –«Толық адам» концепциясы. Бұл ұғым – адам бойындағы рухани ішкі үйлесімді, адамгершілік пен жауапкершілікті сипаттайтын терең категория. Абай үшін толық адам кім? Абайдың пайымдауынша, толық адам – жүрек, ақыл, қайратты тең ұстаған – әділетті, арлы, иманды тұлға. Бұл туралы ақын он сегізінші қарасөзінде «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деп жазады. Яғни, адамның сыртқы емес, ішкі сапалық қасиеттері оның болмысын айқындайды.
Іс-шара Көрме орталығындағы «Ұлы Даланың Ұлы Абайы» көрмесін тамашалаумен жалғасты. Мұнда ұлы ақынның өмірі мен мұрасына қатысты құнды экспонаттар қойылған.