Шымкент қаласының тазалығы – баршаға ортақ жауапкершілік
Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өз жалғасын тауып келеді.
16 тамыз күні ұйымдастырылған «Таза қала» атты жалпықалалық сенбілікке қала әкімдігінің басқармалары мен құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері, аудан әкімдіктерінің мамандары, коммуналдық қызмет өкілдері, еріктілер мен қала тұрғындары қатысты. Аталған іс-шара санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қаланы абаттандыру мақсатында өткізілді.
Шара барысында аулалар мен көшелер, саябақтар мен өзендер маңы тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, қураған ағаштар мен бұтақтар кесілді, шөп шабу және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жалпықалалық сенбіліктің негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру және экологиялық жауапкершілікті арттыру. Мұндай бастамалар қоғамның ортақ игілігіне бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Қала әкімдігі мамандарының айтуынша, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық сенбілік қала аумағында апта сайын тұрақты түрде өткізілуде. Бұл бастама қала тұрғындарының санитарлық-экологиялық мәдениетін арттыруға, сондай-ақ, Шымкент қаласының көркеюіне оң ықпал етуде. «Қаланың тазалығы – баршаға ортақ жауапкершілік. Сенбілікке қатысқан ардагерлер, жастар және белсенді азаматтар бұл бастамаға үнемі қолдау білдіріп келеді. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады», - дейді қала әкімдігі өкілдері.
Олардың айтуынша, Қаратау ауданы аумағында өткен жалпықалалық сенбілікке 440 қызметкер қатысса, жұмылдырылған техника саны 25. Нәтижесінде 46,9 тонна қоқыс шығарылды. Ол жұмысқа 240 адам мен коммуналдық қызмет жұмысшылары тартылған. Ал Еңбекші ауданындағы тазалық жұмыстарына 400-ден астам адам мен 33 техника қатысып, кең көлемді санитарлық жұмыстар жүзеге асырылды. Ал Абай ауданында 500-ге жуық адам мен 15 техника жұмылдырылып, қураған бұтақтарды кесу, шөп шабу, көшелерді тазалау жұмыстары ұйымдастырылды.
Бұл сенбілік – табиғатқа жанашырлық танытудың бір көрінісі болды. Жалпы, қала тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясын жылы қабылдап, белсенді қолдау көрсетуде. Мұндай сенбіліктер қаланың көріктенуіне, қоршаған ортаның жақсаруына және ұрпаққа экологиялық тәрбие беруге зор үлес қосуда. Бір атап өтерлігі соңғы кезде қала тұрғындарының мәдениеті, көз қарасы, ұлттық құндылықтарымызға деген жанашырлығы артып келеді. Соның ішінде тазалық – мәдениеттіліктің, ұқыптылықтың белгісі. Қоршаған ортаға құрмет өз үйіміздің ауласынан басталады.
Жалпы алғанда жалпыұлттық сенбілік аясында тазалық жұмыстары қаланың өзге аудандарында да жалғасын тауып, шаһар тұрғындары акцияға белсене үлестерін қосты.